Елімізде коронавирустың кең таралуының негізгі себебі...
Алыпсатарлар парацетамолды үстіне ақша қосып сата бастады. Оларды анықтап, ұстау үшін Денсаулық сақтау министрлігі Ішкі істер органдарына шағымданған. Ал сондай жымысқы әрекеттердің кесірінен қалың ел дәріханалардың алдында сағаттап кезекке тұрып, керекті дәрісін таппай жатыр. Тығырықтан шығу үшін Денсаулық сақтау министрлігі құрамында парацетамолы бар басқа да дәрілердің тізімін жариялап жатыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
02.07.2020
Алматыдағы «Халық арена» спорт кешенінің бір бөлігі коронавирустық инфекция жұқтырғандар жататын ауруханаға айналады. Алып спорт ғимараты сыртынан түк білдірмей тұрса да, іштегі қызу дайындығы кеше әлеуметтік желілерде жарияланды.
Елордада да осындай жағдай. Қыста ғана шетелден келетіндерді оқшаулау орны болған «Рамада Плаза» қонақүйі енді Covid-19 жұқтырғандар жататын 500 орындық ауруханаға айналып жатыр. Себебі, вирустың бетін қайтару қиындап, әлі де қанат жайып барады. Шенеуніктердің айтуынша, жалпақ әлем коронавируспен күресіп жатқанда біздің ел тығылып той тойлау былай тұрсын, бетперде киюді әлі күнге ұят санап жүр.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Вирустың ел ішіне кең таралуының екінші бір негізгі себептері бар деп айтуға болады. Бұл адамдардың, еліміздің, халқымыздың ескертуге құлақ аспаған немқұрайлығы десем, артық айтпаймын. Әлемде коронавирусты 10 миллионнан астам адам жұқтырып, 500 мыңнан астамы қайтыс болса да, біздің ел тығылып той тойлап, бетперде киюді әлі де ұят санайтындар жоқ емес.
Қауіпті вирус күйшейіп, қысылтаяң шақ туғанда парацетамол таптырмас дәріге айналды. Алматыдағы дәріханалардың алдында дүйім ел осылай шұбап кезекке тұруы әдетке айналған. Күннің ыстығы мен әлеуметтік арақашықтық дегенге қарап жататын шама жоқ. Бәріне парацетамол керек.
Шынар Ошақбаева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бір жарым сағаттан бері кезекте тұрмын. Ешкімді артық кіргізбейді. Барлығы таңертеңнен бері осында тұр. Кезектің арты ұзын-сонар. Бүгін кіре алам ба, тіпті, білмеймін. Балаларыма, өзіме деп антибиотиктер алайын дегенмін.
Мұндай тапшылық айласын асырған алаяқтардың әрекеті демеске шара жоқ. Мәселен, өткен аптаның соңында ғана елорда дәріханаларына парацетамолдың 70 мың қорабы жеткізілсе, сол небәрі жарты сағатта сатылып кетіпті. Артынша интернетте солардың үстінен ақша қосып сатып жатқандар пайда болған.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Құқық қорғау органдарына арнайы тапсырма берілді. Сондықтан бүкіл азаматтардан сұрайтынымыз, кейбір азаматтар, өмір болғасын әр түрлі жағдай болады, осындай қиын жағдайды сауда-саттыққа айналдырғысы келетіндер жоқ емес. Сондықтан егер осындай жағдайлардың анықталса, тез арада бізге ақпарат берулеріңізді өтінеміз.
Қазір ел арасында иіс пен дәм сезбей немесе өздігінен ыстығы көтерілгендер саны көбейген. Соған қарағанда біреулер коронавирустың жеңіл түріне шалдығып, бірақ оны білмеген күйі өз бетінше емделіп кетуі мүмкін. Оны салалы министрлік те растап отыр.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Қазіргі мәліметтің барлығы дәлелденген жайттар бойынша жасалған. Енді ауқымды зерттеу жүргізіп жатырмыз. Жақын күндері нәтижесін білеміз. Өкпесі қабынған немесе коронавируспен ауырған науқастардың жағдайы қандай екені зерттеліп, ел аумағында басқа қандай вирус штаммы бар екені анықталып жатыр. Осыларды білген соң, жалпы жағдайға баға беріліп, коронавируспен әрі қарай қалай күресетініміз тағы нақтыланады.
«Дәріханаларда парацетамол табылмаған күннің өзінде бармақ тістеп қалатын ештеңесі жоқ», - дейді министр. Себебі, дене ыстығын басатын, құрамында парацетамолы бар дәрінің 33 түрі бар екен. Олардың тізімі де белгілі. Ол тізім бірер күндікте Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында жарияланады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!