Үш мыңнан аса Өзбекстан азаматы шекарада түнеп жатыр
Қазақ-өзбек шекарасында 3 мыңнан астам Өзбекстан азаматы далада түнеп жатыр. Олардың Жібек жолы кеден бекетінен ары өте алмай қаңтарылып қалғанына осымен екінші апта. Екі елдің тиісті орындары олардың мәселесін шеше алмай жатқанда, енді сол маңдағы ауылдар қауіпті вирус тарап кете ме деп алаңдай бастады.
Автор: Ербол Тұрымбет
08.07.2020
- Бұл жерде 3-4 мың адам бар. Жаңадан келіп жатыр. Біз өзіміз кете алмай жатырмыз. Тірі түгілі, өлі өтпей жатыр мына жерден, өлікті де өткізген жоқ.
Күндіз қапырық ыстық болса, түнде ашық аспан астында түнейді. Шекара түбіндегі мыңдаған адамның қазіргі күйі осындай. Айтуларынша, ішіп-жем жағы қиындап, ақшасы таусыла бастаған. Араларында 50-дің айналасында тәжік азаматы да бар. Оларға қазір қарасып жатқан жергілікті билік пен қарапайым тұрғындар. Ас-суын әкеп, киім-кешекпен де қамтып жатыр. Тек коронавирус инфекциясын жұқтырып аламыз ба деген қауіп басым. Алайда біздегі Өзбекстан консулдығы өкілдерінің айтуынша, тек марқұмдардың табытын кедергісіз өткізуде. Ал қалған адамдарды елде орналастыратын 14 күндік карантиндік орын жоқ. Тек сол орындар босаған жағдайда ғана біртіндеп өткізіп жатыр екен.
Дилшод Собиров, Өзбекстан Республикасы бас консулдығының екінші хатшысы:
- Бүгін 397 адамды біртіндеп кіргізе бастайды. Қазір ол жақта осынша адам үшін карантиндік орын босады. Алдыңғы кезекте аяғы ауыр әйелдерді, науқас кісілерді және күтіп жатқанына 10 күннен асқан адамдар өткізіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!