{metadescription}
Дәрігерлер Атбасарда арақтан уланған екі адамның өмірі үшін күресуде   
Дәрігерлер Атбасарда арақтан уланған екі адамның өмірі үшін күресуде   

Дәрігерлер Атбасарда арақтан уланған екі адамның өмірі үшін күресуде   

Атбасарда арақтан уланған екі адам әлі аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Бірінің хәлі тым ауыр. Дәрігерлер оның бетін бері қарату үшін барын салып жатыр. Ал Арқалықта үшеуі тиісті емін алып, жазылып шыққан. Жалпы, сапасыз жасалған спирттік ішімдіктен Ақмола облысында 12 адам, ал Қостанай облысында 13 адам көз жұмған еді. Тірі қалған науқастардың қазіргі жағдайы қалай?  

Атбасар мен қалаға жақын орналасқан Борисовка ауылында бүгін қара жамылған күн. Шерлі жұрт арақтан уланған бауырларын ақтық сапарға аттандырып жатыр. Аты құрғыр ішімдік мұнда тым арзанға сатылады екен. Сонысына қызығып, жергілікті жұрт арзан арақ ішіп, ақыры осыған душар болған.

Насиха Латыпова, Борисовка ауылының тұрғыны: 

- Күйеу балам қайтыс болды. Ойламаған жерден жер қойнына тапсырдық. Арагідік болмаса, салынып ішетін әдеті жоқ еді. Аулымызда барлығы ішімдік алатын болса, құны арзан болғандықтан осыған жүгіреді. Бір құтысы айналасы 500 теңге. Соның ақыры осындай болып отыр.

Осы қателіктен аман қалған екі адам – бір үлкен кісі мен жасөспірім қазір Атбасарда аурухананың жан сақтау бөлімінде жатыр. Жағдайын тұрақты бақылап отырған дәрігерлер жас жігіттің жағдайы әлдеқайда түзеліп қалғанын айтады. Беті бері қарамай тұрған жасы егде тартқан кісі.

Бексұлтан Саттар, анестезиолог-реаниматолог дәрігер: 

Екі емделуші де тыныс алу аппаратына қосылды. Тиісті ем-дом жасалғаннан кейін қазір жасөспірім ол аппараттан ажыратылды. Бірақ жағдайы әлі де ауыр күйде қалып отыр. Ал жасы үлкен жастағы науқас әлі сол аппаратпен тыныс алып жатыр. Жағдайы тым ауыр.

Осы уланудан үлкен зардап шеккен Қостанай облысының тұрғындары еді. Барлығы 30 адамның 14-і ем шараларын қабылдаудан бас тартыпты. Қалған 16 адамның 13-і көз жұмса, үшеуі емделіп шыққан.

Ксения Жылқыбаева, Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы: 

Барлық науқас ес-түссіз күйде келіп түсті. Жасалған емдеу шаралары нәтижесіз болды. Биологиялық өлім тіркелді. Барлығына да улану диагнозы қойылды.

Ақмола облысында бес литрлік пластик құтыға құйылған сапасыз алкоголь өнімін ішкен 12 адам көз жұмса, Арқалықта 13 адам бақилық болған еді. Артынша полиция Атбасарда спирттік ішімдік жасайтын жасырын цехты анықтады. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде