КВИ-на қарсы препараттардың ағзаға қандай кері әсері бар?
Коронавирустан айыққандар ауырған кезде қабылдаған преппараттарының зардабын тартуы әбден мүмкін. Ал симптомсыз және індеттің болмашы ғана белгісі бар науқастар үйде емделген кезде антибиотиктер мен гормондарды қабылдаудан бас тартқандары ләзім. Мамандардың кеңесі осындай.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
08.07.2020
Себебі, антибиотиктер адам иммунитетін әлсіретіп, ағзаны қорғауда дәрменсіз етеді. Жалпы Сovid-19-ға қарсы препараттардың ағзаға қандай кері әсері бар? Жауабын астаналық тілшіміз іздеп көрді.
Коронавирусты емдейтін арнайы клиникалық хаттама бар. Соған сәйкес, тиімділігі бар-ау деген препараттармен науқастар ем-дом қабылдайды. Бірақ вирусты жойып жіберу үшін немесе денсаулыққа кері әсерін баялату үшін қолданылатын өте қуатты дәрілік заттардың пайдасы мен зияны да ілесе жүретіні анықталды. Он шақты преппараттың нақты қай ағзаға зиянды екені де белгілі.
Дидар Байдуллаева, Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярының бас редакторы:
- Преппараттардың тізімі: фавипиравир, лопинавир, ритонавир, ремдесивир, тоцилизумаб, хлорохин, гидроксихлорохин преппараттары. Оның бауырға токсикалық әсері өте жоғары. Сонымен қатар екінші жанама әсерлері кардиотоксикалық әсері. Яғни жүрекке көп әсер етеді. Соның салдарын әрдайым ЭКГ мониторинг жасау керекпіз, науқасты бақылау керек. Мұндай преппараттарды үй жағдайында қабылдау өте қауіпті болып табылады.
Аталған преппараттар тек дәрігердің бақылауында және стационарлық емдеуде ғана қолданылады. Ал симптомсыз және вирустың болмашы ғана белгілері бар науқастар үйде жатып емделетіні жайлы бұған дейін айтқанбыз. Осы тұста көптеген азамат артық қыламын деп, тыртық қылады екен.
Раушан Қарабаева, жоғарғы санатты дәрігер:
- Біз қазір симптомды және аз симптомды науқастардың үйде емделуін айтып жатырмыз. Дәрігерлер ондай науқастардың емін реттеуі керек. Аз симптомды ауруы бар науқастар вирусқа қарсы және антибактериялық препараттарды қолданбауы керек. Ондай науқастар ақуызы көп тамақты ішіп,сұйықтықты көп тұтынып, С, D дәрумендерін қолдануы тиіс. Температура көтерілген жағдайда парацетамол немесе ибупрофен ішу керек.
С дәруменінің өзін асқан сақтықпен қабылдаған ләзім екен. Бұл дәруменді шектен асыра тұтынсаңыз, бүйректің жұмысына нұқсан келіп, қуықта тас түзілу қаупі арта түседі. Үйдегі емнен нәтиже болмай, жағдайы ушыға түскен науқастар дереу дәрігерлерге хабарлауға міндетті. Себебі, пневмония қаупінен ешкім сақтанбаған. Ал коронавирустық пневмонияны емдеуде дәрілік заттар белгілі бір жағдайда ғана тегін беріледі.
Алтыншаш Табылдина, Нұр-Сұлтан қалалық №5 емханасының бас дәрігері:
- Амбулаториялық көмекте антибиотик пневмония болған ретте тегін ем былай деп жазылған. Тегін дәріні беру үшін науқаста ұзақ уақыт бойы қызуы түспесе, қан құрамын тексергеннен кейін вирусты пневмония емес, асқынған екені анықталса, тегін амбулоториялық көмек негізінде антибиотик беруге жағдайымыз бар.
Мамандар үйде ем қабылдап жатқандардың басым көпшілігі биологиялық белсенді заттар мен дәрумендерді бей-берекетсіз қабылдайтынына қынжылады. Себебі, бұлардың үйлесімділігін дәрігермен ақылдасып алған жөн. Ал симптомсыз науқастар бүйрек, бауырын басқа да ағзасын аман алып қалғысы келсе, қуатты преппараттарды қабылдаудан түбегейлі бас тартуы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!