Елдегі жағдай: Үйде отырған дәрігерлерді көмекке шақырамыз
Алматы облысының әкімі астанадағы кордиологиялық орталыққа жатқызылды. Коронавирустан емделіп жатқан Амандық Баталовтың тынысы тарылып, жүрегі қысылыпты. Сондықтан дәрігерлер облыс басшысын бірден елордаға жеткізуді ұйғарған. Ал Шымкентте дәл осы өкпе қабынуынан 9 дәрігер көз жұмды. Барлығы да алғы шепте жүрген мамандар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы марқұмдардың пневмониядан қайтыс болғанын растады.
Автор: Диас Нұрақын
08.07.2020
Үш аптадан бері ауруханада жатқан Амандық Баталов дереу астанаға жеткізілді. Коронавирусқа шалдыққан Алматы облысы әкімінің өкпесі қабынып, тынысы тарылған. Дем жетпеген соң, жүрегі де қысыла бастапты. Сондықтан дәрігерлердің шешімімен ол Нұр-Сұлтан қаласындағы кордиологиялық орталыққа жатқызылды дейді облыс әкімінің орынбасары.
Батыржан Байжұманов, Алматы облысы әкімінің орынбасары:
- Облыс әкімі қазір кардиологиялық орталықта ем қабылдап жатыр. Жағдайы әлдеқайда жақсарып қалды. Амандық Ғаббасұлы әрдайым спортпен шұғылданатын азамат. Денсаулығы мықты. Сондықтан жақын күндері ауруханадан шығып, өз жұмысына кіріседі деп ойлаймын.
Соңғы кездері коронавирусқа қарағанда дәл осы пневмониядан көз жұмғандар көбейді. Мәселен, Шымкентте соңғы бір айда өкпесі қабынып 9 дәрігер қайтыс болған. Марқұмдардың барлығы да мемлекеттік ауруханаларда хирург, педиатр, гинеколог болып жұмыс істеген. Алғы шепте жүрген ақ халаттылардың ауру жұқтыруы Ақмола облысында да жиілеп кетті. Бұл өңірде пандемия басталғалы 160-тан астам ақ халатты қауіпті кеселді жұқтырған. Соның 70 пайызы індетті жұмыста емес, тұрмыстық жағдайда жұқтырып алған дейді облыс басшысы.
Ермек Маржықпаев, Ақмола облысының әкімі:
- Соңғы уақытта дәрігерлер қарамай жатыр деген тұрғындар тарапынан шағым көбейді. Оны жасырмаймыз. Қазір бізге 413 дәрігер қажет. Егер қосымша төсек-орындар дайындайтын болсақ, шамамен 1975 медицина қызметкері қажет болады. 403 дәрігер, 754 орта медициналық және 818 кіші медициналық қызметкер тапшы. Сондықтан медициналық колледжде оқитын 133 студентті жұмысқа тарттық. Жедел жәрдем қызметіне 35 фельдшер қосылды. Бірақ бұл жеткіліксіз. Сондықтан үйде отырған дәрігерлер болса, бізге көмектесуге шақырамыз.
Ермек Маржықбаев карантинге қарамастан, тұрғындар той-тойлап, ас беруді де доғармай отыр деп күйінді. Соның салдарынан инфекция тез тарап, соңғы бір аптада коронавирус жұқтырғандар саны еселеп артқан. Той-томалақ тек Ақмола емес, Жамбыл облысында да тарқамай тұр. «Тұрғындар сауық-сайран құрамыз деп сырқаттанып жатыр», - дейді облыс әкімі. Бердібек Сапарбаевтың айтуынша облыстағы коронавирус жұқтырғандардың тең жартысы үйде отырған азаматтар. Яғни қолы бос, жұмысы жоқтар ел аралап, қыдыруға әуес. Осындай бейқамдықтың кесірінен зейнеткерден бастап, балаларға дейін шетінен ауырып жатыр дейді.
Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:
- Өңірде бетперде тақпай жүру, той-томалақтар тоқтайтын емес. Соның салдарынан кешегі таңда 77 науқас тіркелді. Осы науқастарды талдайтын болсақ, негізінен 305 – зейнеткерлер, 475 – жұмыссыздар, 68-і жүкті әйелдер, 100-ге жуығы балалар. Яғни үйде отырған азаматтар мен балалар үйінде отырмайды. Басқа жаққа шығып кетеді. Көрші өңірлерге барады. Соның салдарынан өсіп отыр.
Атырау аурудың нағыз ошағына айналды. Мұнайлы өңірде күніне 200-300 адамнан індет табылуда. Ауру ауыздықталмаса, науқастарға ине салып, дәрі беретін маман болмай жетпей қалуы мүмкін. Өйткені бұл өңірде де дәрігер жетіспей жатыр. Сондықтан облыс басшысы көрші елден көмек сұрауға мәжбүр болыпты.
Махамбет Досмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:
- Жалпы бізде 270 адамның үстінде жетіспеушілігі бар. Оны қазір біз жолын қарастырып жатырмыз. Медициналық оқуды бітірейін деп жатқан балаларды, осы өңірдің балаларын осы ауылға шақырту, ұйымдастыру. Тез арада қазір қарап отырғанымыз, әрине, Ресей жағынан біз көмек сұрап жатырмыз.
Ел бойынша соңғы бір тәулікте коронавирус індетін жұқтырған 1376 адам тіркелді. Науқастардың басым бөлігі аурудың жеңіл түріне шалдыққан. Осылайша елімізде COVID-19 жұқтырғандар саны 51 мыңнан асты. Олардың 17 мыңы аурудан құлан таза айықса, 264 адам мәңгілік мекенге аттанды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!