Жалпы жағдай: Бір күнде ковидтік пневмониядан екі шенеунік қайтыс болды
Алматы облысында бір күнде ковидтік пневмониядан екі шенеунік қайтыс болды. Облыстың бас санитар дәрігері мен әкім Амандық Баталовтың орынбасары бірнеше аптадан бері ауруханада жатқан. Алайда өкпесі қабынған шенеунікті ажал аузынан арашалап қалу мүмкін болмапты. Ал Өскеменде қалалық полиция басқармасының басшысы коронавирустан көз жұмған.
Автор: Диас Нұрақын
10.07.2020
Алматы облысында пневмониядан қос бірдей шенеунік көз жұмды. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров өкпе қабынуынан қайтыс болды деген қаралы хабар тарады. Сондай-ақ, облыстың бас санитар дәрігері де пневмониядан бақилық болған. Қайрат Баймұхамбетовтің коронавирусқа тапсырған тесті таза шығыпты. Бірақ жеке бастың тазалығы мен қауіпті індеттен қалай сақтануды бізден жақсы білетін маман короновируспен күресіп жүріп, өкпе қабынуынан қайтыс болды. Қос бірдей қазаға байланысты өзі де ауруханада жатқан облыс басшысы әлеуметтік желі арқылы көңіл айтты.
Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:
- Баймұхамбетов Қайрат Қажыманұлының отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Ол дәрігер ретінде Гиппократ антына адал болып, пандемия кезінде алғы шепте жүріп көз жұмды. Иманды болсын...
Өскеменде қалалық полиция басқармасының басшысы коронавирустан көз жұмды. 43 жастағы Дәуір Ибраевтің ағзасынан 20-маусым күні жұқпалы індет табылыпты. Содан бері ауруханада жатқан полиция полковнигі бүгін жан тапсырған. Дәл осы коронавирус пен пневмония ақтөбеліктердің қос өкпесін қысып тұр. Бүгіннің өзінде 49 адамнан коронавирус табылса, 63 адам өкпе қабыну диагнозымен ауруханаға жатқызылыпты. Осылайша облыста пневмониямен ауырып жатқандар саны екі мыңға таяды. Бүгін облыс әкімі Оңдасын Оразалин бес дәрігердің осы дерттен көз жұмғанын жеткізді. Тағы жүзге тарта маман ауырып жатыр.
Әсет Қалиев, Ақтөбе облысы әкімінің кеңесшісі:
- Жалпы қазір 100 дәрігер ауырған. Лабораторлық инфекция дәлелденген. Оның ішінде 55- дәрігер. Қалғандары орта және кіші буын қызметкерлер. Сонымен қоса, 77 медицина қызметкерінде пневмония диагнозы анықталған. Бірақ оларда лабораторлы КВИ диагнозы анықталмаған.
Екі апталық күшейтілген карантинге қарамастан инфекцияның таралу қарқыны тежелмей тұр. Бүгіннің өзінде КОВИД-19 вирусы 1726 адамнан табылды. Әсіресе елдің батысында ауру асқынып кетті. Мәселен Атырау облысында коронавируспен ауырғандар күрт көбейіп, сүреңсіз статистиканың көшін бастады.
Алматы облысында ертеңнен бастап екі күндік қатаң локдаун енгізіледі. Сенбі-жексенбі күндері облыстағы барлық кәсіпорындар мен базарлар жұмысын тоқтатады. Тек азық-түлік-дүкендері мен дәріханалардың ғана жұмыс істеуіне рұқсат. Осындай қатаң шара қолданбаса, еліміздегі коронавирусқа шалдыққандар саны 55 мың адамға жетіп жығылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!