{metadescription}
Қазақстанда қанша дәрігер covid-тен көз жұмды?  
Қазақстанда қанша дәрігер covid-тен көз жұмды?  

Қазақстанда қанша дәрігер covid-тен көз жұмды?  

Қауіпті вируспен күресте жантәсілім еткен отандық екі дәрігерге президент қаулысымен жоғары дәрежелі «Қазақстанның еңбек ері» атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордендерімен марапатталды. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі елдегі коронавирустан көз жұмған дәрігерлердің тізімін жариялаған еді. Жалпы осы күнге дейін 30 медицина қызметкері қауіпті індеттен қайтыс болыпты. Бақилыққа аттанған дәрігерлер жайында...

Коронавирустан көз жұмған Қалихан Есбосынұлы Ақтөбе облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында бас дәрігер болып қызмет еткен. 2012 жылдан бері осы ұжымда еңбектенген маман асқан ұйымдастырушылығымен ерекшеленіпті. Бір әттеген-айы, президенттің өзі бекіткен ең беделді марапаттарды көзі тірісінде көре алмай кетті.

Роза Нұрғалиева, Ақтөбе облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Қалихан Есбосынұлы өз ұжымының нағыз жанашыры еді, әр қызметкердің жағдайын жасауға күш салатын. Ең бастысы, науқастарға мейлінше көңіл бөлетін. Қандай жағдай болмасын алғы шептен табылатын. Бұл қаза қабырғамызды қайыстырып кетті.

Еңбек ері атағы мен қос орденге ұсынылған тағы бір марқұм дәрігер – Көкшетау қалалық көп салалы ауруханасының бөлім басшысы болған Олег Исаев. Әріптестері үшін енді марқұмды ерекше тебіреніспен еске алудан басқа амал жоқ.

Ақмарал Ысқақова, Көкшетау қалалық көпсалалы ауруханасының бас мейірбикесі:

- Исаев Олег Николаевич жансақтау бөлімінің меңгерушісі. Жиырма жылдан артық сол бөлімшеде қызмет еткен дәрігерімізді күні кеше соңғы сапарға шығарып салдық. Орны толмас өкініш. Өйткені Олег Николаевич 20 жылдан астам уақыт бойы осы бөлімге түскен науқастардың еміне атсалысып, өзінің өмірін қатерге тігіп, мәңгілікке кетіп қалды.

Ел бойынша барлығы 30 шақты дәрігер covid-тен көз жұмыпты. Солардың бірі – Нұр-Сұлтан қаласындағы көпсалалы медициналық орталығының дәрігері Олжабай Қожағалиев. Зейнетке шығуына бір жыл қалғанда қайтыс болған. Қара нардай қашан да қайнаған жұмыстың ортасында жүретін марқұмның орны ойсырап тұр. 

Бақтыбай Оразбеков, Нұр-Сұлтан қаласы «Көпсалалы медициналық орталығы» директорының орынбасары:

- Қожағалиев Олжабай, ол кісіні он жылдан артық білемін. Он жылдан аса уақыт бойы осында хирург болып жұмыс істеді. Екеуіміз науқастарды бірге қарайтынбыз. Жастарды үйретуге тырысатын. Тек қана ота жасауға емес, тексеруден бастап, қандай анализдер болу керек, соның бәрін...

Қызмет барысында жанкештілік танытқан марқұмдарды Денсаулық сақтау министрі нағыз қаһармандарға теңеп, бақилық болғандардың әріптестері мен жанұясына көңіл айтты.

Қауіпті індеттен қайтыс болған дәрігерлердің барлығы өз ісінің білгірі болатын. Бұл вирус отандық медицинаға ауыр соққысымен есте қалады. Бақилық болған 30 дәрігердің үлкені 70-те, ең жасы 36 жаста болған екен.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде