Дәрігерлер неге мұқтаж, Үкіметке қандай базынасы бар?
Дәрігерлерге «құтқарушы» мәртебесі берілсін. Медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы осындай ұсыныс айтып отыр. «Бұл мәртебе медицина қызметкерлеріне пандемия кезінде берілсе, мамандар Азаматтық қорғаныс заңнамасына сәйкес әлеуметтік қолдаумен қамытылатын болады», - дейді ол. Сондай-ақ елдегі дәрігерлер осы қысылтаяң шақта несиелерінің кешірілуін немесе пайыздарының төмендетілгенін қалайды.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
17.07.2020
Вируспен күресіп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген дәрігерлер неге мұқтаж, Үкіметке қандай базыналары бар?
Коронавирус індеті құрсаулай түскен шақта елдегі кәсіподақтар федерациясына сан түрлі саладан 4 мыңнан астам шағым түскен. Әсіресе дәрігерлер белсенді. Бұл тарап жыр болған өтемақының мейірбикелер мен жүргізушілерге дейін төленуін талап етеді. Пандемия уақытында медицина қызметкерлеріне ерекше мәртебенің де берілгенін қалайды.
Әлиақбар Мәтішев, «QAZMED» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы:
- Медицина қызметкерлеріне пандемия уақытында азаматтық қорғаныс туралы ҚР Заңына сәйкес, барлық әлеуметтік қолдау шарасымен қамтылуы үшін «құтқарушылар» мәртебесін беру керек. Бұл жайлы ұсыныс бірнеше рет түсті. Біздің тарап аталмыш бастаманы толық қолдап отыр.
Валентин Якимов отандық медицинаның ардагері. Мемлекет өркендеуді қаласа, денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлу керектігін айтады. «Әсіресе пандемия кезінде денсаулық сақшыларына қолпаш пен марапат көптік етпейді», - дейді ардагер.
Валентин Якимов, Медицина саласының ардагері:
- Дәрігерлер құдай емес. Олар да адам. Бірақ қазіргі пандемия кезінде бұқара тарапынан дәрігерлерді балағаттау, психикалық қысым көрсету тыйылмай жатыр. Азаматтар бұл қызметке құрмет көрсетіп, түсіністік таныстса игі. Ал үкімет кәсіподақ айтқан ұсыныстарды жүзеге асыруға күш салуы тиіс.
Медицина қызметкерлерінің кәсіподағы карантин кезінде баспанасыз дәргерлерді ай сайынғы пәтерақымен қамтып, не болмаса коммуналдық ақыны үкімет мойнына алса екен деп отыр. Әрі олардың балаларына арналған карантинде жұмыс істейтін балабақшалар ерекше қажет деп отыр кәсіподақ төрағасы.
Әлиақбар Мәтішев, «QAZMED» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы:
- Ерлі-зайыптылардың екеуі де медициналық қызметкер болып жұмыс істейтін отбасылар бар. Бүгінде олар өз отбасыларынан оқшау, яғни коронавируспен күресте жүр. Балалары жалғыз қалған. Туыстарынан басқа, оларды қайда анықтау керек деген сұрақ туындайды. Бүгін біз кейбір балабақша, әсіресе медицина қызметкерлерінің балалары үшін арнайы жұмыс істеуі керек деп санаймыз.
Ал айлап үй көрмей жұмыста түнеп істеп жүрген жансебіл дәрігерлерге несиелерінің кешіріліп, не болмаса пайызының төмендетілуі де артық етпейді деп отыр кәсіподақ мүшелері.
Сovid-пен күресте күш-жігерін сарп еткен дәрігерлер елдегі шипажайлар мен демалыс кешендеріне тұрақты түрде тегін жолдаманың болуын талап етіп отыр. Түйдек-түйдегімен базына-тілек айтылды. Айтар ауыз бар да, естір құлақ болса құп.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!