Карантинде сұраныссыз қалған және сұранысы артқан мамандықтар
Коронавирус кесірінен елімізде кей мамандар мүлдем сұраныссыз қалды. Мәселен, даяшы, жүк тасушы мен сатушылардың көбі екі қолға бір күрек таппай отыр. Өйткені олар қызмет ететін кәсіпорындар індетке байланысты жабылып қалған. Ал онлайн режимде жұмыс істейтін қызметкерлердің, керісінше, айы оңынан туып тұр. Эпидемия басталғалы IT мамандары мен дағдарыс менеджерлеріне де сұраныс артыпты. Дегенмен мұндай мамандар Қазақстанда тапшы екен.
Автор: Салтанат Шырынхан
22.07.2020
Алматылық Олеся Шенец төрт айдан бері амалсыз үйде отыр. Себебі, карантинге байланысты өзі істейтін мейрамхана жұмысы тоқтап, қысқартуға ұшыраған. Сөйтіп 10 жылға жуық даяшы болған ол, қысылтаяң уақытта екі қолға бір күрек таппай қалды.
Олеся Шенец, Алматы қаласының тұрғыны:
-Қазір көп адам нәпақа таппай отыр. Мысалы, аспаз, даяшы, асабалар мен бишілер. Дәл қазір басқа жұмыс табу өте қиын. Өйткені қызметін қайта жалғастырған мекемелер өз жұмысшыларын ғана қайтарып алады.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығындағылар жағдайдың ушыққанын жасырмайды. Көктемде еліміздегі жұмыс орындарының саны 23 пайызға азайған. Дегенмен пандемия кезінде пайдаға жарап жатқан мамандықтар да жоқ емес.
Олжас Тілеуов, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ вице-министрі:
-Мамыр айында түйіндеме саны сәуірдегіден бір жарым есеге артты. Ал бос жұмыс орны 3 жарым есеге өсті. Бұл жағдай ауыл шаруашылығы мен құрылыста маусымдық жұмыстардың көбеюімен байланысты болып отыр.
Жұмыс тауып берумен айналысатын компаниялар еліміздің сауда нарығында көптеген өзгеріс орын алып жатқанын айтады. Бүгінде жұмыс берушілер ақпараттық технологиялар саласындағы мамандарды, бизнес-сарапшыларды және дағдарыс менеджерлерін жаппай іздеп жатқан көрінеді. Өйткені қауіпті індеттің кесірінен онлайн режимде, қашықтықтан жұмыс істеу едәуір тиімді.
Олег Парахин, Кадрлік холдингтің бас директоры:
-Бізге барлық саладан көптеген компаниялар жүгінеді. Бірақ қазір даяшы, жүк тасушы, саудагерлерге расымен сұраныс жоқ. Бұған қоса, мұнай-газ саласындағыларды да ұмытпағанымыз абзал. Өйткені мұнай бағасының төмендеуіне байланысты ондағы қызметкерлер жұмыстан қол үзіп қалған.
Төтенше жағдайдан кейін жұмыссыздар саны Алматы, Нұр-Сұлтан және Қостанай қалаларында күрт көбейген. Еңбек ресуртарын дамыту орталығының мәліметінше, сәуір айында жұмыс таппағандар миллионнан асып жығылса, жазда 735 мыңға төмендепті. Ал бір жыл бұрын дәл осы уақытта жұмыссыздар саны бұдан үш есе аз болған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!