Атырауда ұшақтан шыққан қара түтіннің не екені анықталды
Атырау әуежайынан аспанға көтеріліп, артынан шұбатылған қою қара түтін қалдырып бара жатқан ұшақ көпшіліктің көңілін күпті қылды. Өйткені бұған дейін де түрлі-түсті сұйықтық шашып жүрген ұшақтың видеосы әлеуметтік желіде тарап, талай алып-қашпа әңгімеге себеп болған. Атырау тұрғындары бұл жолы да шошып отыр.
Автор: Бекен Әлирахым
22.07.2020
-Жігіттер қараңдаршы, ұшақ ұшып бара жатыр, иә, бұл Атырауда жоқ ұшақ, бұрын-соңды ұшпаған, бірдеңе шашып бара жатыр...
Жұрт айтқандай, мұндай ұшақ Атырауда расымен жоқ. Инженерлік-авиация қызметі өкілдерінің айтуынша, бұл ұшақтар Атырауға транзиттік бағытта ұшып-қонады. Кеңес одағы кезінде 1960 жылдары шығарылған «Антонов-12» жүк тасымалдаушы әуе кемесі көршілес елдерде әлі қолданыста жүр. Олар Атыраудағы ірі өндірістік кәсіпорындарға мұнай-газ қондырғыларын тасымалдайды. Аталған әуе кемелері Атырау әуежайына аптасына екі рет келіп кетеді екен. Ұшақтың өзіндік салмағы 61 тонна, ал жүк көтеру салмағы 21 тонна. Мамандар «бұл тұрғындар үшін аса қауіпті емес» деп, шұбатылған қара жолақтың не екенін түсіндірді.
Андрей Ким, Атырау халықаралық әуежайы, инженерлік-авиациялық қызметінің басшысы:
-Тұрғындар арасында үлкен дау туғызып жатқан бейнежазбаларға қатысты айтарымыз бар. Бұл қалыпты жағдай. Кеңестік өндірістің ұшақтары осындай әсер береді. Өйткені ол кезеңде ешкім экологиялық қауіпсіздік туралы бас қатырған жоқ. Ескі ұшақтардың барлығы қалыпты биіктікке көтерілгенше, жанармайды өте көп тұтынады, күн аса ыстық кезде қозғалтқышқа ауа жетпегендіктен, сондай түтін пайда болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!