{metadescription}
Көбейтұздан тұз, лай алғандарға айыппұл салынады
Көбейтұздан тұз, лай алғандарға айыппұл салынады

Көбейтұздан тұз, лай алғандарға айыппұл салынады

Көбейтұз мәселесіне президенттің араласуына тура келді. Көл енді ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қатарына жатқызылады. Өйткені Ақмола облысындағы қызғылт түске боялатын ерекше көл бүгінде өзіндік табиғи ерекшелігінен айрылып барады. Карантин кезінде жапатармағай демалуға барған жұрт оның лайы мен тұзын шелектеп әкетіп, табиғатқа орасан зиян келген. Ел қарасының көбеюінен жағасы күл-қоқысқа да толған.  Әлеуметтік желілерде қызу талқыланған аталмыш мәселеге мемлекет басшысы алаңдаушылық білдірді.

Тұмса табиғатымыздың ерекше жауһарларының бірі – Көбейтұз көлі елордадан шамамен 160 шақырымдай жерде. Аумағы 640 гектар. Суы тобықтан сәл асады, ең терең жері 1,5 метр. Үш-төрт  жылда алқызыл түске бір боялатын көлдің кезекті бір ерекшелігі осы жазға тап келген еді. Сөйтіп елде карантин басталғанда жазғы демалысты аңсаған төңіректегі жұрт жаппай көлге қарай ауды. Бұл қара шұңқырлар солардан қалған із. Содан кейін көл табиғи ерекшелігін жоғалта бастаған. Бұл дүйім елге уайым боп, ақыры президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа дейін бұл мәселеге бейжай қарай алмаған.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Азаматтардың табиғи демалыс орындарындағы жаппай мәдениетсіздігі тоқтамай тұр. Отандастарымыздың ерекше қызғылт түсті Көбейтұз көліне келтірілген орасан зор зиянға қатысты алаңдаушылығы орынды. Бұл жағымсыз әрекеттер өскелең ұрпаққа жүргізілетін экологиялық ағарту жұмыстарының түйткілдерін ашып берді. Білім, Экология, Ақпарат министрліктері бұл мәселені жұмыстарының басым бағыты ретінде қарастыруы керек.

Салалы министрлікке осы олқылықты түзеу үшін Президент тапсырмасы жетпей тұрғандай екен. Енді Көбейтұз көлі де еліміздегі ерекше қорғауға алынған табиғи аумақтар тізіміне кіргізілетін болды.  Қазақстан территориясының 9 пайызы осындай ерекше қорғауда тұр. Жоспар бойынша 2030 жылы ол 12 пайызға жетуі тиіс. Көбейтұз көлі де соның ішінде болады.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

-Бұл жерде мәселені екі түрлі жолмен шешуге болады. Біріншіден, елдің экологиялық сауатын арттырып, айыппұлды қатаңдатамыз. Екіншіден, бұл көлдің ерекшелігін ескере отырып, оған «Ерекше қорғаудағы табиғи аумақ» дәрежесін береміз. Соның арқасында Көбейтұзға баратындарға тиісті шектеулер енгізіледі.

Көл басына келген жұрт оның тұзы мен балшығын шелектеп әкете бастаған. Тіпті көлдің тұзын келісін 5 мың теңгеден сататын пысықайлар да пайда болыпты. Шынтуайтында, тұздың да, лайдың да алып бара жатқан емдік қасиеті жоқ. Себебі, суға қызғылт түс беретін ондағы микроорганизмдер  екен.

Зұлпыхар Жолдасов, Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы:

-Осындай бір қызыл түсте адамдарды тартатын ерекшелігі бар. Бірақ өздеріңіз көрдіңіздер, әлеуметтік желілерде адамдар дұрыс түсінбей, ем болады деп тұзды алып, суды алып, лай алып жатқан фактілер бар. Біз олардың бәріне айыппұл саламыз. Қазір полициямен жұмыс істеп жатырмыз.

Көбейтұздай қылғылт көл Канада мен Австралияда да бар. Мамандар бұдан былай көл табанынан тұз бен лай әкетіп жатқандарға айыппұл салатынын ескертті. Енді көлді полиция өкілдері арнайы бақылап отырмақ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде