Еуроодақ Қазақстанға коронавируспен күреске қаржы бөлді
Еуропалық Одақ Қазақстанға коронавируспен күреске қаржы бөлді. «Орталық Азиядағы COVID-19: дағдарысқа әрекет ету шаралары» атты бағдарлама аясындағы алғашқы көмектің қоры 1 миллиард 400 миллион теңге шамасында. Бұл қомақты қаражатпен Еуроодақ Орталық Азия елдерінің қажеттіліктерін қамтымақ, әсіресе Қазақстанға ерекше көңіл бөлінеді.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
22.07.2020
Еуроодақ бағдарламасы үш кезеңнен тұрады. Алғашқысы коронавирусқа қарсы ұлттық жоспарлардың әзірлігі мен жүзеге асыруына керекті, кейінге қалдыруға келмейтін қажеттіліктермен қамтамасыз ету көзделген. Келесі кезеңде пандемияның шарықтау шегінен соң, оның екінші толқынына дайындық қолға алынады. Соңғы түйінді кезеңде мықты денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыруға қам-қарекет жасалмақ. Екі жылдық бағдарлама Орталық Азия елдеріне арналып, 2020 жылдың шілдесінде іске қосылыпты. Ал сол екі жылда Еуропалық Одақ 58 миллиард теңге көмек көрсетеді.
Свен-Олов Карлссон, Қазақстандағы ЕО елшісі:
-COVID-19 пандемиясы ұлттық денсаулық сақтау жүйелерінің қаншалықты осал екенін және төтенше жағдай кезіндегі қоғамдық денсаулық сақтауға деген көзқарасты қайта қараудың маңыздылығын айшықтады. Сондықтан CACCR бағдарламасы қазір қажетті дәрі-дәрмектермен және жабдықтармен қамтамасыз етумен қатар, зертханалар мен ауруханаларды болашақта осындай пандемиямен күресуге жақсы жабдықтауға көмектеседі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!