Грузияда жоғалып кеткен қазақстандық жасөспірімнің анасы көмек сұрайды
Грузияда жоғалып кеткен қазақстандық жасөспірім бес күннен бері табылмай жатыр. 13 жастағы Илья Пилпани сол елдегі туыстарына әкесімен бірге былтыр қыста қыдырып кеткен екен. Содан вирусқа байланысты шекара жабылып, әке мен бала кері қайта алмай, сонда қалып қойған. Мәліметтерге қарағанда, алматылық оқушы жоғалар күні жақындарымен сөзге келіпті. Үйден кетіп қалған жасөспірімді тәртіп сақшыларымен қоса еріктілер де іздеп жатыр. Жат жерде жоғалған жерлесіміз туралы тілшіміз айтып берсін.
Автор: Аруна Ортай
23.07.2020
Бұл Ильяның Грузияға саяхаты кезінде түсірген видеосы. Жасөспірім бұған дейін ешқашан үйден кетіп көрмеген екен. Бірақ сол күні, анасының айтуынша, әкесімен сөзге келіп қалған. Ұрыстан соң велосипедке мініп, үйден шығып кетіпті. Жақындары ашуы басылған соң қайтып келеді деп күткен. Алайда бүгін бесінші күн баладан еш хабар жоқ.
Жергілікті телеарналар қазақстандық баланың жоғалғанын айтып жер-жерге ақпарат таратып жатыр. Сол арқылы оқушының тауға қарай кеткенін көргендер табылған.
Дали Гурчиани:
-Баланың жалғыз кетіп бара жатқанын көріп таң қалдым. Бұған дейін тек туыстарымен ғана жүретін. Тезірек табылса екен деп тілеп отырмыз.
Алайда құтқарушылар Сванетияның тау-тасын қанша шарласа да, Ильяны таба алмай жатыр Баланы іздеуге ауыл тұрғындары да жұмылдырылыпты. Бәрінен бұрын алыста қалып қойған анасына ауыр соққан. Ксения Пилпани күйеуі мен ұлын Грузияға жіберіп, өзі жұмыспен Біріккен Араб Әмірліктеріне ұшып кеткен екен. Содан карантин басталып, отбасы екі жақта қалып қойған. Шекара аса алмай шырылдаған келіншек дипломаттардан көмек сұрайды.
Ксения Пилпани, жоғалған баланың анасы:
-Еліміздің Сыртқы істер министрлігінен жалбарынып көмек сұраймын! Грузияда жоғалған ұлымды іздеп табуға көмек берсеңіздер. Ұлымның жанына жетейін десем, жете алмай отырмын. Біріккен Араб Әмірліктерінде де, Грузияда да шекара жабық. Тек өз елдерінің азаматтарына ғана ұшуға рұқсат етілген. Өтінемін, Грузияғы жетуіме көмек беріңіздер!
Ал Илья жоғалған жер таулы шатқал. Маңайының бәрі жартас, орман аралас жер. Жаяу жүре алмайтын жерлерді құтқарушылар тікұшақпен аралаған. Қиын жағдайға тап болған отбасына қазақ консулдары көмек беруге әзір.
Нұрбек Алмашев, ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетікшісі:
-Қазақстанның Грузиядағы елшілігі бұл елдің Ішкі істер министрлігімен байланыс орнатып, баланы іздестіру шаралары шетелдік мекеменің тұрақты бақылауға алынған. Өзіңіз білетіндей, қазір бүкіл әлем бойынша қатаң карантиндік шаралар қабылданған. Шекара жабық. Бірақ бұған қарамастан біз баланың анасының Грузияға келуіне көмектесуге тырысамыз.
Дипломаттар баланың бүгін-ертең табылатынына сенімді. Айтуларынша, бұл аймақта ауыл көп. Тек көбісінде интернет, не телефон жүргізілмеген екен. Яғни, Ильяны тауып алғандар хабар бере алмай отырған болуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!