85 миллион айыппұл! Жұрт той-томалағын доғарар емес
Елде карантин жарияланса да, қазақстандықтар той тойлауын доғарар емес. Карантин тәртібін бұзғаны үшін азаматтарға лауазымды тұлғалар мен жеке азаматтарды қоса алғанда, 85 миллион теңге айыппұл салыныпты.
Автор: Ербол Тұрымбет
23.07.2020
Оның ішінде медициналық бетперде тақпайтындар да әкімшілік жаза арқалап жатыр. Бір айта кетерлігі, бетпердені тек жабық жерде емес, көшеде де тағып жүру керек. Бұл – тәртіп. Оны бұзса, айыппұл арқалауы мүмкін. Бас санитар дәрігер осыны ескертіп отыр.
Елімізде 5-шілдеден бері арнайы бақылау топтары карантин талаптарының сақталуын қадағалап келеді. Бүкіл өңірді қоса алғанда, сондай 644 топ жұмыс істеп жатыр. Осы аралықта карантин тәртібін бұзған түрлі мекемелердің лауазымды тұлғаларына 85 миллион теңге айыппұл салыныпты. Бірақ шектеу шаралары мен сондай бақылаушы орындардың жұмысына қарамастан, ел ішінде той-томалақ әлі тоқтамай тұр.
Ондай жайттар бір-екеуден еліміздің бүкіл аймағында анықталып отыр. Соның ішінде Жамбыл, Алматы, Түркістан, Павлодар облыстары мен Алматы қаласында өте жиі тіркелген. Сол той-жиынды ұйымдастырушылардың барлығына әкімшілік шара қолданылып, тиісті деңгейде айыппұл салынған.
Айжан Есмағамбетова, ҚР бас санитар дәрігері:
-Шектеу шараларына қарамастан, жұрт үйлену тойы, қыз ұзату, туған күн секілді той-томалақ өткізуін доғарар емес. Әлбетте, ол вирустың таралу қаупін туғызады. Өйткені мұндай той немесе басқа да отбасылық мерекелерге басқа өңірлерден де қонақтар келеді. Соның кесірінен вирус бүкіл елге жайылады.
Карантиннің қатаң талабының бірі – медициналық бетперде тағу. Айжан Есмағамбетованың айтуынша, ол жабық жер, ашық жер деп бөлінбейді. Өткен аптада ғана Әділет министрі Марат Бекетаев далаға бетпердесіз шыққан адам ешқандай жауапкершілікке тартылмайтынын айтқан еді. Яғни, дүкен, не дәріхана сияқты жабық ғимарат болмаса, ашық жерде бетперде тағудың керегі жоқ екенін айтқан.
Бүгін Бас санитар дәрігер ол сөзді теріске шығарды. Керісінше, адам көшеде де тағып жүру керек екен. Ол осыған дейінгі қаулыларының бірінде анық жазылыпты. Өйткені, бетперденің вирус жұқтырып алудан сақтайтыны дәлелденген дейді. Covid-19 ауамен таралатын инфекция екені белгілі. Ал полиция шілденің бесінен бері масканы дұрыс тақпаған мыңнан аса адамды анықтапты.
Алексей Калайчиди, ҚР Ішкі істер министірінің орынбасары:
-Бүгінге дейін 495 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 20 миллион теңге айыппұл салынды. Жалпы, карантин тәртібін бұзу бойынша 4 жарым мың дерек тіркелді. Оның төрттен бірі бетперде тағу тәрбіне қатысты. Осылайша жалпы айыппұл көлемін адам басына шаққанда 40 400 теңгеден келді.
Айта кетейік, елдегі қатаң карантин шектеулері тамыздың екісіне дейін жалғасады. Одан кейін карантин жұмсара ма, әлде карантин тағы жалғаса ма, о жағы белгісіз. Бірақ, шектеу шараларын жеңілдету үшін екі түрлі көрсеткішке қол жеткізуіміз керек екен.
Оның бірі науқастың өзге адамдарға жұқтыру көрсеткіші азаюы тиіс. Екіншісі, ауруханалардағы орын саны. Егер, аурухана 70 пайызға дейін толған болса, карантин де біртіндеп жұмсара бастайды. Ал ауруханалардағы орындардың жартысы ғана толған болса, тағы біраз жеңілдейді. 30 пайызға ғана толған болса, үшінші рет тағы жеңілдетіледі екен.
Естеріңізге сала кетейік, карантин енгізілер шақта ауруханаларымыздағы орындар 90 пайызға толып тұрған еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!