Халықтың күдігі сейілмей тұр, аймақтардағы ахуал да әрқалай
Әкімнің аузынан шыққан 60 миллиард теңге! Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев коронавируспен күреске және медициналық жабдықтарды жаңартуға осынша қаражат бөлінгенін мәлімдеді. Оның ішінде 10 миллиард теңге қаладағы дәрі-дәрмек дүрбелеңін басуға жұмсалыпты. Алайда дәріхана кезіп, керегін таппай жүрген тұрғындар әлі де көп.
Автор: Мақсат Мәлік
23.07.2020
Еліміздің бас санитар дәрігері жағдай тұрақталып келеді деп сендіріп отыр. Десе де ковид-19-ды қоспағанның өзінде, қазір 45 мың адам пневмониядан ем қабылдап жатыр.
Елімізде дәл қазір тәулігіне орта есеппен 1600 адам короновирус жұқтырады. Осындай дерекпен «сүйінші сұраған» Бас санитар дәрігер жағдай тұрақталды деп сендірді. Өйткені өткен маусым айында қатерлі індетпен ауырғандар екі есеге өсті деген Айжан Есмағамбетова, шілдеде ахуалдың біршама жақсарғанын айтады.
Айжан Есмағамбетова, ҚР Бас санитар дәрігері:
- Қатаң шектеу шаралары енгізілгеннен бастап, 5-шілдеден бастап екі апта ішінде республикада 21 532 жағдай тіркелді. Алдыңғы екі аптамен салыстырғанда сырқаттану бір деңгейде қалып отыр.
Десе де қарапайым халықтың көңіліндегі күдік сейілмеген. Аймақтардағы ахуал да әр қалай. Мәселен, Алатаудың бөктеріндегі Алматы әлі де вирус жұқтырғандар арасында көш бастап тұр. Қалада соңғы тәулікте 216 тұрғын індет жұқтырса, науқастардың жалпы саны 9 мың 851 адамға жеткен. Ал қала әкімі пандемиямен күрестің қарқыны жақсы деп иландырады.
Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, бүгінгі таңда шаһардағы аурухана төсегінің жартысына ғана науқастар жайғасқан. Бұған сырқаттарды үш кезеңге бөліп емдеу көмектескен көрінеді. «Түрлі шығындарды қысқарттық» деген қала басшысы жергілікті бюджеттен ковид-19-ға 38 миллиард теңге бөлінгенін айтады. Оның ішінде 10 миллиард теңге қаладағы дәрі-дәрмек дүрбелеңін реттеуге жұмсалыпты. Сондай-ақ, медициналық жабдықтарды жаңартуға тағы 20 миллиард теңге бөлінген. Алайда дәрі таппай сенделген тұрғындар күндіз-түні кезекте тұрғанын ұмыта қойған жоқ.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:
-Мамырда парацетамол 50 мың дана қорабы сатылған болса, мына 20 күннің ішінде миллион данасы сатылды. Мысалы, біздің стационарларда дәрі азайып қалды. Стационарларға беретін дәріні ортақ дистрибьютор дейді, «Самұрық-Қазына фармация», олардың беретін дәрісі жоқ.
Бір қызығы, Алматы қаласы карантин талабын жиі бұзатындар арасында да алдыңғы орынға шыққан. Тіпті қалада осыған дейін 400 адамға бетперде тақпағаны үшін айыппұл салыныпты.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандырдың тізімі 77 мыңға жуықтады. 48 мың адам науқасынан айығып, 585 адам көз жұмған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!