Құрбан айт мерекесіне бірқатар өзгерістер енгізілді
Күшейтілген карантинге байланысты биыл мешіттерде Құрбан айт намазы оқылмайды. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы еліміздегі ахуалды ескеріп, алдағы ұлық мерекеге бірқатар өзгерістер енгізді.
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
24.07.2020
Ғұламалар кеңесінің шешімімен биыл Құрбан айт мерекесі 31 шілде күні басталады. Үш күнге созылатын діни мейрамда жағдайы бар әр мұсылман аша тұяқты мал сойып, жоқ-жітіктерге үлестіруі тиіс. Діни басқарма өкілдері биыл халықаралық тәжірибеге сүйеніп, қашықтан құрбандық шалу жобасын қолға алды. Енді отандастарымыз үйден шықпай-ақ, qurban2020.kz сайтына тапсырыс беріп, мұсылмандық міндетін орындай алады. Биыл пандемияға байланысты құрбандықтың еті үшке бөлінбей, мұқтаж отбасыларға тұтастай беріледі. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы айттық дастархан жайып, ағайын-туыс, көрші-қолаңды жинаудың еш қажеттілігі жоқ деп отыр.
Наурызбай қажы Тағанұлы, Бас мүфти:
-Осындай қиын-қыстау кезеңде азаматтарды пендешілікке салынып, пайда табу мен алыпсатарлыққа бармай, мал бағасын қымбаттатпауға, халықтың жағдайын ескеруге шақырамыз. Қасапшылар да өз қызметіне алатын ақысын қымбаттатпай, жанашырлықпен елге қызмет етеді деп үміттенеміз. Құрбандық шалуды жүзеге асыруға облыс қала әкімдерін, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық басқарма қызметкерлерін, тәртіп сақшыларымен бірлесіп атқаруға үндеймін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!