Шымкентте ем алып жатқан зейнеткердің мәйіті құрылыс алаңынан табылды
Ауруханадан – о дүниеге! Шымкентте провизорлық орталықта ем қабылдап жатқан зейнеткердің өлігі құрылыс алаңынан табылды. Қария бірер күнде үйге барам деп туыстарына хабарласқан екен. Тек тәулік өтпей, сау тамтығы қалмаған буындырылған мәйіті табылды. Қанды қылмыс жайында тілшіміз толығырақ.
Автор: Бек Әбиев
24.07.2020
Надежда Кузминаның туыстары он күннен бері жұмбақ өлімнің себебін таба алмай жүр. 63 жастағы зейнеткер қызуы көтеріліп, әлсіздікпен политехникалық колледждегі провизорлық орталыққа 9-шілде күні жеткізіледі. Төрт күн ем қабылдағаннан кейін туыстарына хабарласып, бірер күнде қайтамын деп хабар берген екен. Бірақ әйелдің денесі шілденің 14-і күні орталықтың қарсы бетіндегі құрылыс маңынан табылды.
Светлана Адамова, марқұмның туысы:
-Тамырға дәрі құятын сыммен буындырылған. Саусақтары сынған. Оң жақ иығы мен шынтағы жырылып, жырымдалған. Біздің ойымызша оны әлдекімдер сүйреген сияқты. Жанында аяқ киімі бар. Кейін ұялы телефоны мен аяқ киімін үйге алып кеттім.
Надежда Кузминаның өлімі туралы медициналық анықтамасында "буындырып өлтірілген" деп жазылған. Марқұмның туыстары зейнеткерді қаскөйлер құрылыс маңындағы шұңқыр арқылы сүйреп алып өткен деп болжайды.
Светлана Адамова, марқұмның туысы:
-Қазір маған орталықтағылар менің танысымды осы жерден шықты деп айтып отыр. Есігі құлыптанған. Ойланып қараңышы, 63 жастағы әйел адам мына жерден шығуы мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Ал, артқы жағындағы дуалдың биікті үш метрдей. Ол жақта жол да жоқ.
Медициналық мекемеде жатқан науқастың жоғалғаны анықтала сала, полицияға хабар түскен екен. Тек сол маңайды шолған тәртіп сақшылары оны таба алмаған. Ал мәйітті құрылыс алаңының күзетшісі байқапты. Бірақ ол да «ештеңе көріп білгенім жоқ» деп отыр.
Күзетші:
-Артық дабыс естімедіңіз бе?
-Алтыға он минут қалғанда көрдім. Милицияны шақырдым. Жедел жәрдем шақырдым. Басқа ештеңе жауап бере алмаймын.
Провизорлық орталық басшысы Надежда Кузминаның емдік шаралардан шаршағанын және бірнеше рет үйге қайтаруды өтінгенін айтады. Бірақ ауруынан толық айықпаған әйелдің бақылауда болу керектігін айтып, жібермедік дейді. Диагнозын дәрігерлік құпия деп айтудан бас тартқан олар зейнеткердің өз аяғымен шығып кеткен видеосы бар екенін, бірақ тілшілерге бере алмайтынын айтты.
Дәулет Ержанов, провизорлық орталық директоры:
-Біздің Политехникалық колледждің бас есігінен бөлек, спорт залдың маңында тағы да дарбазасы болатын. Сол дарбазадан шығып кеткен.
-Ол құлыптанып тұр ма?
-Қазір құлыптанып тұр. Шыққан күні ілгешекпен жабылып тұрған. Сыртынан ашылмайды, ішінен ашып шыға береді.Аулаға шығып демала алады. Шығатындар. Себебі, кей кісілер сауығу барысында гимнастика істейтіндер болады. Бірақ дәліздің кеңдігіне байланысты, дәлізде жасайды.
Қазір аталмыш іспен полиция айналысып жатыр. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары да басталды. Сауығу үшін емдеу мекемесіне түсіп, сау жері жоқ мәйіті құрылыстан табылған марқұмның жақындары бұл істі прокуратураның қадағалауға алуын талап етіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!