Министр Сәтбаев пен Шорнақтағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады
Сәтбаев пен Шорнақтағы жағдайға байланысты президент бүгін өңір әкімдері мен құқық қорғау органдары басшыларымен шұғыл жиын өткізді. Аймақтардағы жағдай тұрақтылығын басты назарда ұстап, арандатушылық әрекеттерін жедел тыйуға қатысты тапсырма берді. Сәтбаев қаласындағы жағдай қазір тұрақталған. Ал бес жасар бүлдіршінді пәтеріне кіргізіп алып зорлады деген күдікті қазір қамауда.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
24.07.2020
Жеңіс Қасымбек,Қарағанды облысының әкімі:
-Түн ортасында бала табылды. Қазір ол бала анасының жанында. Дәрігерлердің бақылауында. Ал баланы үйінде ұстаған күдіктіні қамауға алдық. Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе мемлекет басшысының ерекше бақылауында.
Қылмыс кеше кешкі уақытта болды. Қаршадай қыздың жоғалғаны туралы ақпарат полицияға кешкі сағат тоғызда түскен. Іздеу шараларына дереу жергілікті тұрғындар да қосылыпты. Бүлдіршін көпқабатты үйлердің біріндегі пәтерден табылған. «Балаға қорлық көрсетті» деп айыпталған күдікті сол пәтердің 62 жастағы иесі. Қылмыс кезінде қасында тағы бір адам болыпты. Полиция оны да тергеп жатыр. Ал жергілікті тұрғындар азғынды «өзіміз жазалаймыз» деп, полициядан оны беруді талап етіп табандап тұрып алды. Тіпті күдіктіңнің соңынан полиция бөліміне барып, сол жердегі жанжал кезінде бірнеше көлікке от қойыпты. Оқиғаның жай-жапсарын айтқан Ішкі істер министрі Сәтбаевтағы оқиғаны да арандатушылар пайдаланып қалмақ болған деп отыр.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
-Елдегі қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полицейлер бар күшін жұмсайды. Құрметті журналистер, отандастар, әлеуметтік желіде тарап жатқан жалған ақпараттарға сенбеңіздер және оны таратпаңыздар. Тек ресми ақпаратқа сеніңіздер.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!