{metadescription}
Елдегі эпидахуал. Аллергия мен коронавирустың айырмашылығы
Елдегі эпидахуал. Аллергия мен коронавирустың айырмашылығы

Елдегі эпидахуал. Аллергия мен коронавирустың айырмашылығы

Алматыда науқастарды емдейтін тағы бір жаңа бағдарлама әзірленіп жатыр. Қаланың бас дәрігері Камалжан Надыров жоба коронавирус жұқтырғандарды қашықтан емдеп, телемедицина арқылы қызмет көрсетуге мүмкіндік беретінін айтады. Ал ел бойынша жағдай біршама тұрақтала бастап, дертінен айыққандардың саны айтарықтай артыпты. Соңғы тәуліктің өзінде 748 адам коронавирусты жеңіп, сауыққандардың жалпы саны 52 мыңнан асқан. Еліміздегі эпидемиологиялық ахуал:

Індеттің ошағына айналған Алматы қаласында коронавирустың құрығынан іліккендер азаймай тұр. Соңғы тәуліктің өзінде шаһарда 221 адамнан вирус анықталып, дертке душар болғандар саны 11 мыңға таяды. Осы көрсеткішті азайтуға қаланың бас дәрігері Камалжан Надыров науқастарды емдейтін жаңа бағдарлама әзірлеп жатқанын жеткізді. Жобаның мақсаты  COVID-19-бен ауырған жандарға қашықтан кеңес беріп, тиісті медициналық көмек көрсету.

Камалжан Надыров, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасының басшысы:

-Пандемия медициналық қызмет көрсету саласында біршама өзгеріс енгізді. Біздің мақсатымыз - науқастарды қашықтан емдеу. Ауырып жатқандар дәрігерлер тарапынан қараусыз қалдық деп ойламауы керек. Алдағы уақытта науқастар үйден шықпай-ақ, телемедицина арқылы қандай да бір қызметтерді алу мүмкіндігіне ие болады. Осы бағыт бойынша ірі бағдарлама жасалып жатыр.

Алматыда аллергияның да өршуі жығылғанға жұдырық болып тұр. Тоқтаусыз түшкіріп, күндіз-түні жөтелетіндер ауруды коронавируспен шатастырып, үрейге бой алдыратын көрінеді. Осы орайда пульманолог Абзал Малбасқанов белгілері ұқсас екі аурудың ара-жігін ажыратты. 

Абзал Малбасқанов, пульмонолог:

-Дәм сезбеу аллергияға шалдыққандарда сирек кездеседі. Коронавирус жұқтырғандар да иіс сезбеуі мүмкін. Бірақ ескеретін жайт, қауіпті кесел кезінде мұрын құрғақ болады. Сосын СOVID-19 вирусы анықталған адамның тілінің түсі өзгереді.Сондай-ақ, әлсіздік пайда болады. Тоңады, жиі терлейді. Аллегрияда мұндай симптомдар жоқ.

Елімізде өкпесі қабынған қарашаның да қатары сиремей тұр. Ең сорақысы, пневмониядан ажал құшқандардың қаралы тізімінде танымал тұлғалар мен шенеуніктердің қарасы көп. Мәселен, бүгін аталмыш аурумен арпалысқан Алматы облысы Талғар ауданының әкімі Жолан Омаровтың жүрегі тоқтады. 41 жастағы аудан басшысының артында жары мен төрт баласы қалды.

Нұр-Сұлтан қаласында пневмонияға шалдыққандар саны қырық төрт пайызға азайыпты. Елордада шұғыл медициналық көмекке жүгінетіндердің көрсеткіші де едәуір төмендеген. Бас қалада 10070 адам коронавирус жұқтырса, оның 6766-і сауығып шыққан.

Соңғы тәуліктің өзінде республика бойынша 748 адам коронавирустан құлан таза айыққан. Осылайша жұқпалы дертті жеңіп шыққан жандардың саны 52 мыңнан асып жығылды. Республика бойынша кесел жабысқандар 83 мыңнан асса, COVID-19 құрбандары 610 адаммен тоқтап тұр. Індет ірі мегаполистерден кейін Қарағанды, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында дендеп тұр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.