Алматыда түске дейін карантин ережесін бұзған он нысан анықталды
Алматыда күшейтілген карантинге қарамастан ағылшын тілі үйірмелері жұмысын тоқтатпаған. Ережені елемей, кеңседе қызметін жалғастырған оқытушылардың әрекеті арнайы тексеріс барысында әшкереленді.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
28.07.2020
Жергілікті әкімдік пен санитар мамандар карантин тәртібіне бағынбағандарға тиісті шара қолдануды жалғастыруда. Бүгін арнайы рейд барысында шектеу шараларын пысқырмай, оқушыларға ақылы түрде ағылшын тілін үйретіп жүрген оқытушы әкімшілік жазаға тартылды. Нигерия азаматы алғашында бет бақтырмай, кінәсін мойындамаған еді. Көп ұзамай тәртіп сақшылары оған бас санитардың қаулысын көрсетіп сабасына түсірді.
Қалада каратин ережесін бұзған бірқатар мекемелер айыппұл арқалап тынды. Олардың қатарында тығылып жұмыс істеген сұлулық салондары мен мейрамханалар да бар. Арнайы құрылған мобильдік топ бетперде кимеген азаматтарға да вирустың қауіптілігін түсіндірумен әлек.
Гүлнар Илялетдинова, Алмалы ауданы тауарлар мен көрсетілген қызмет сапасын бақылау бөлімінің басшысы:
-Біз сағат 11-ден бастап тексеру жүргіздік. Жарты күннің ішінде карантин режимін бұзған он нысан анықталды. Қауіпті кесел дендеп тұрған шақта кәсіпкерлер өз қызметін жалғастыра берген. Біз оларды әкімшілік жазаға тыртып, түсіндіру жүргіздік. Кеңседе халыққа бетпердесіз қызмет көрсетіп отырған азаматтар да айыппұл арқалады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!