Covid-19-ға қарсы екпе қыркүйекте салына бастайды
Қазақстанда маймылдар коронавирусқа қарсы егіліп жатыр. Приматтарға дейін вакцина ең ұсақ хайуанаттарға салынған. Әзірге отандық вакцинаны сынап жатқан ғалымдар еш жағымсыз әсер байқалмады деп отыр. Ал адамдарға Covid-19-ға қарсы екпе қыркүйекте салына бастайды. Ғалымдардың пікірінше, қауіпті індеттен айығу үшін, кем дегенде халықтың 80 пайызға жуығы егілу керек. Сынақтан сәтті өтіп жатқан препарат туралы тілшіміз айтып берсін.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
30.07.2020
Кесел жер жаһанды жайлағалы онымен күреске әлем елдері бел шеше кірісіп кетті. Әсіресе коронавирусқа қарсы вакцина шығару күн тәртібінен түспей тұр. Қазақстандық ғалымдар да екпе ойлап тапты. Алдымен ол хайуанаттарға салынды. Содан соң, маймылдар зерттелді. Абырой болғанда, әзірге нәтиже жаман емес.
Ерғали Орынбасарұлы, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары:
-Бұл вакцина қазір клиникаға дейінгі сынақтан өтіп жатыр. Клиникаға дейінгі сынақтар зертханалық жануарларға өтті. Оның ішінде тышқан бар, теңіз шошқасы дейміз, қоян бар және тағы да басқалар. Бүгінгі алынған нәтиже бойынша вакцина өзінің тиімділігін көрсетіп отыр.
Төрт түрлі 5 вакцинаны Жамбыл облысының Қордай ауданы Гвардейск деген қалашықтағы зерттеу институтының ғалымдары дайындап жатыр. Екпелерге материал Алматыдағы жұқпалы аурулар ауруханасындағы науқастардан алынған.
Ерғали Орынбасарұлы, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары:
-Бірінші вакцинамызға қазір клиникаға дейінгі сынақтар өтіп жатса, қалған вакциналар әзірленуде. Вакциналар Денсаулық сақтау министрлігінің тәртібі бойынша клиникалық сынақтан өтеді. Сол сынақтар нәтижесі бойынша адамдарға қолдану немесе пайдалану жөнінде рұқсат беріледі.
Жалпы коронавирустан сақтану үшін вакцинаның кемінде екі дозасын алған жөн. Қазіргі уақытта әлем елдері тайталасып, екпелері әзір болғанын жар салуда. Бағалары да әртүрлі болмақ. Мәселен, британдық-шведтік компания әзірлеген вакцина арзандау. Германиядағы ғалымдар шығарған препарат 8000 теңгедей болса, америкалық «Модерна» компаниясының екпесінің дозасы теңгеге шаққанда 10 мыңнан басталады.
Ал жамбылдық ғалымдар ойлап тапқан инфекцияға қарсы дәрі-дәрмектің бағасы қанша болары белгісіз. Алайда мамандар шетелдікінен арзан болады деп отыр. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі вакцина пайда болса, елдегі екі миллионнан астам адамға салынатынын айтқан-ды. Жаппай егу қыркүйектен басталуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары