{metadescription}
Биыл құрбан шалушылар тым аз. Құрбан айт өзгерісі
Биыл құрбан шалушылар тым аз. Құрбан айт өзгерісі

Биыл құрбан шалушылар тым аз. Құрбан айт өзгерісі

Күллі мұсылман қауымы асыға күткен Құрбан айт басталды. Биыл пандемиямен тұспа-тұс келген қасиетті мейрамда құрбандық шалуға ниет білдірген жұрттың қарасы тым аз. Күшейтілген карантинде базардағы мал саудасы да тұралаған. Сұраныстың жоқтығынан төрт түліктің бағасы да тұрақты болып тұр. Ал онлайн мал союға тапсырыс берген қазақстандықтардың саны әзірге 4 мыңға жуықтады. Биылғы Құрбан айтта тағы қандай өзгерістер болды?

Ораза айтынан кейін тура 70 күн өтіп, мұсылман қауымына ұлық мереке Құрбан айт келіп жетті. Алайда биылғы қасиетті мейрам бұрыңғыдан өзгерек. Мәселен, таңертең еліміздің барлық мешіттерінде айт намазы оқылған жоқ. Ал жыл сайын абыр-сабыр болып жататын мешіт маңы тым-тырыс. Мал соятын арнайы орындарды да көрмейсіз. Өйткені мұсылмандар діни басқармасы қауіпті кесел кеулеп тұрған шақта құрбандық шалуды онлайн форматқа көшірді.

Дегенмен елімізде мұсылмандық жоралғысын қашықтан орындағысы келетіндер тым аз. Соңғы мәліметке сүйенсек, мерекенің алғашқы күні мал союға онлайн тапсырыс бергендер бүкіл республика бойынша 4 мың адамға да жетпеді. Құрбан-2020 сайтында керісінше, етке мұқтаж жандар өтініштерін қарша боратып жатыр. Олардың саны бүгін 24 мыңнан асып түсті. Сондықтан жоқ-жітіктерге қанша келіден ет берілетіні әзірге белгісіз.

Данияр Жұмабаев, Бәйкен мешітінің бас имамы:

-Өтініш білдірген адамдардың барлығына ет теңдей үлестіріліп беріледі. Құрбандық шалу онлайн түрінде бірінші рет өткізіліп отырғандықтан, нақты қанша мал сойылатынын айта алмаймыз. Әр отбасыға қанша келі тиетіні де белгісіз. Құрбандық етін алуға өтініш білдіргендерді мешітке келмеуді сұраймыз. Алла бұйыртса, біз барлығына өзіміз жеткізіп береміз.        

Пандемия кезінде мал сатуға санаулы базарға рұқсат беріліпті. Тоқтысы мен қошқары, сиыры мен өгізі бар Алматы облысындағы базардың өзіне таң атпай мыңға жуық бас әкелініпті. Бірақ мұнда әдеттегідей қыз-қыз қайнап жататын сауданың нышаны да байқалмайды. Базарда бірен-сараң адам  Шопан ата төлін таңдап жүр. Ал ірі қараға тіптен сұраныс жоқ.

Жандос Шалданбаев, сатушы:

-Бұқалардың бағасы екі жасары 360-380 мың көлемінде. Малдарды 500 мыңға дейін сұрап тұр. Бірақ алып жатқан адам жоқ. Сұраныс жоқ. Малдар базарда тұр. Мысалы, былтыр қасапханада 70-80 ірі қара күнде сойылған. Биыл  тек 12-13 бас сойылды.

Мерекеде ең өтімді болатыны тоқты-тұсақ та таңнан бері шарбақта қамалып тұр. Олардың бағасы салмағына қарай 35 пен 50 мың теңге аралығында. Сауда орнында өздері ғана сабылып жүрген сатушылардың көңіл-күйі жоқ. Бұрындары Құрбан айт сайын пайдаға кенелетін шаруаларда «биыл шығынға батамыз ба?»  деген үрей басым.

Асхат Әшімов, сатушы:

-Өткен жылмен салыстырғанда биыл өте нашар. Алып жатқан адам жоқ. Алушы жоқ болса, бағаны қалай көтереміз? Баға сол, бірқалыпты. Қойлардың жейтін шөбі бар, тұратын орныңа төлейсің. Сатып алушылар аз. Базарда сатушылар ғана жүр. Бұл қойлар Алматы облысы Райымбек, Кеген аудандарынан келген. Ертерек кірген малдар ғой. Екі-үш күн бұрын. Қазіргілер кіргізбей жатыр дейді.

Расымен де қазір полиция қалаға кірген жүк көліктерін жіті тексеруде.  Мәселен, Алматының айналасында 14 мобильді бекет қойылыпты. Апта басынан бері түсіндіру жұмысын жүргізген тәртіп сақшылары бүгіннен бастап төрт түлікті арлы-берлі тасыған көлік иелерін «әкімшілік жазаға тартамыз» деп отыр.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:

-Бас санитардың талабымен өзге өңірлерден Алматы қаласына мал алып келуге қатаң тыйым салынған. Бұл талаптың барлығын азаматтар түсіну керек. Бұл қоғам мен азаматтардың денсаулығын сақтап қалу мақсатында жасалып отыр. Малды құрбандыққа шалуға арнайы алгоритм бар. Барлығы сол алгоритм аясынан шықпау керек. 

Құрбандыққа бір жасқа толған қой мен ешкі, екі жасар сиыр және бес жасар түйе шалынады. Сойылатын мал арық, ақсақ, соқыр, шұнақ болмауы тиіс. Биыл пандемияға байланысты құрбандықтың еті үшке бөлінбей, мұқтаж отбасыларға тұтастай беріледі. Індет дендеп тұрған кезде бірқатар өзгеріс енгізген мұсылмандар діни басқармасы жұртқа ағайын-туыс пен көрші-қолаңды аралап, айттап жүруге болмайтынын тағы бір мәрте ескертті.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде