Ақтөбеде саудагерлер базарларға бірдей талап қойылмағанына ашулы
Ақтөбеде орталық базар саудагерлері шу шығарды. Олар санитар дәрігерлердің қаладағы барлық базарға бірдей талап қоймай отырғанына ашынады. Егер қауіпсіздік үшін саудаға тыйым салынса, барлық жер жабылсын деп отыр. Ал саудагерлерді алалайтын болса, базарлар жаппай ашылсын деп ашынады. Тілшіміз саудагерлердің базынасын тыңдап келген еді.
Автор: Жаңалық Ахаш
03.08.2020
Бір ай бұрын қақпасына қара құлып салынған орталық базардың алдына таң атысымен жүз шақты саудагерлер жиналған. Оларды тәртіп сақшылары мен әкімдік қызметкерлері де күзетіп жүр. Саудагерлер карантин кезінде талаптың барлық базарға бірдей қойылмай отырғанына ашулы.
- Маусымнан ашылғанын кейін ешқандай карантин болған жоқ. «Алтай» базары, «Табыс», «Шығыс» істеп жатыр. Бізде неге жабық?
Жиналған саудагерлер базарларды санитар мамандар алалайтын болса, дереу орталық базарды ашсын деп талап қойды. Онымен қоса, бір айдан бері табыстан қағылып, «ас-суымызды әрең тауып отырмыз» деп ашынады.
Жазира Ахметова, саудагер:
- Бізде ай сайын жауып тастайды. Кредиттеріміз бар. Жалғызбасты анамын. Үш балам бар. Жәрдемақы ештеңеме жетпеді, не несиеме, не дәрілеріме. Біз тегін ештеңе сұрап жатқан жоқпыз. Өз адал еңбегімізбен күн көргіміз келеді. Бізге базарды ашсын!
Базарға жеткен қалалық бас санитар дәрігерге әйелдер дүрсе қоя берді. Шенеунік екі аптасыз сауда орны ашылмайды деп отыр.
- Біздің базар ашыла ма?
- Қазір ашылмайды. 17-тамызға дейін ашлмайды...
Санитар мамандар соңғы рет екі аптаға созылған карантин талаптары жеңілдетілуі мүмкін деген болжамын да айтады. Ол аймақтағы эпидемиялогиялық ахуалға байланысты болмақ. Індеттің таралуы тоқтаса ғана судагерлердің талабы орындалуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!