{metadescription}
Жақсылық Үшкемпіров: Жеңейін, болмаса өлейін...
Жақсылық Үшкемпіров: Жеңейін, болмаса өлейін...

Жақсылық Үшкемпіров: Жеңейін, болмаса өлейін...

Өткен жексенбі қазақты қаралы хабарымен қара жамылдырды. Ұлттың сүйікті ұлы, Олимп шыңын бағындырған даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіров бақилық болды. Жетпіске қараған жасында бұл дүниені тастап кете барған азаматтың қазасы көптің қабырғасын қайыстырды.

1980 жыл. Мәскеу. Олимпиада. Қарға бойлы қазақтың қара баласы тұңғыш чемпион деген атты алтынымен алқалады. Әлем қазақ деген аз-ақ болса да, текті халықтың ұрпағын таныды.

Жақсылық Үшкемпіров:

- Олимпиада кезінде бір ойға келдім, осы жерде қанша жыл күрестім, «жеңейін,болмаса өлейін» дедім. Қаншама мынау кілемге шыққан кезде мыңдаған адам отырады. Соның қанша мыңдаған адамы Қазақстанның азаматтары, сондықтан да бәрі сізге рух беріп отырғанда, сіз жеңіле алмайсыз. Мен өзім солай болдым.

Білегінен, жүрегінен құдіреті күшті балуан өмір күресінде де бұл қағидасынан шалт баспады. «Атаның емес, адамның ұлы болуы» керек деген Абайдың сөзін ғұмырлық ұраны еткендей. Сол себепті болар, үлкенге ізетті іні, кішіге қамқор аға бола білді. Дардай атағы болғанмен, кішік мінезімен кісі көңілін баураған азаматтың адамдығы талайды таң қалдырды.

Жақсылық Үшкемпіров:

- Тәңірдің маған істеген жақсылығы – маған келген бақ. Ол бақты тек маған емес, бүкіл қазақ халқына келген бақ деп ойлаймын. Бірақ өмір бойы Алла тағаладан бір ғана сұрайтыным, сол бақты мен өле өлгенше ұстап кетуім керек.

Бағын бағалаймын деген сертінде тұрды. Аспады, таспады. Мейірімді жанарымен қаншама жанның жүрегін жылытып, демеді. Әу баста Семейдің мал дәрігерлік институтын тәмамдаған түлек орта жасқа жеткенде мал шаруашылығына ден қойды. Қаланың қым-қуыт тіршілігіне қызықпай, ауылдың өрісін кеңейтуге күшін салды. «Елім» деген сөз аузынан түспейдің ердің басты тілегі де халықтың амандығы еді.

Жақсылық Үшкемпіров:

- Қазақстаннан артық ел жоқ. Сондықтан қазағым аман болсын! Ұрпақ аман болсын! Соны өсіретін аналар аман болсын! Бәріміз аман болайық! Осындай бейбітшілік заманда, соның ішінде қазақ халқы сүттей ұйып отыр. Осылай өміріміз ұзағынан болсын!

Елге ұзақ өмір тілеген арда азаматтың ғұмыры 69 жасында үзілді. Боз кілемде жауырыны жер иіскемеген балуан, амал нешік, өлім алдында қарсы тұрар қауқары болмады...

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде