Темекі мен ішімдікті құжатсыз сатқан сатушы жауапқа тартылады
Елімізде бұдан былай құжат көрсетпегендерге темекі мен алкогольдік ішімдік сатылмайды. Денсаулық туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, зейнет жасындағы кісілер де осы тәртіпке бағынуы тиіс.
Автор: Аруна Ортай
03.08.2020
Құжатсыз сатқан жағдайда сатушы жауапқа тартылады. Жеке куәліксіз сатуға тыйым салынған тауарлардың қатарында электронды темекі мен қорқор, сондай-ақ арнайы құрылғымен шегетін сұйықтықтар да кіріп отыр. Әрі алкогольдік ішімдіктің барлық түрі осы талапқа сәйкес сатылатын болады. Бұған дейін 21 жастан асқан ересектерге темекі, арақ сатыла беретін. Тек сатушы сатып алушының түріне қарап, жасына күдік келтірсе ғана құжат сұрайтын. Ал қазір заңдағы бұл тармақ түбегейлі өзгерді. Сатушы алдына зейнет жасындағы адам келіп тұрса да, оған темекі мен ішімдік сатпас бұрын, құжатын сұрауы тиіс. Тек куәлігін көрсеткен жағдайда ғана сауда жасауға міндетті.
Ал келесі жылы заң бұдан да күшейеді. Онда темекі мен арақты сөреге қоюға тыйым салынып, тауардың атауы қағазға жазылып ілінетін болады. Мұндай жаңашылдыққа темекі шегушілер бірінші күннен бастап-ақ реніш білдіріп жатыр.
Ләззат Көпжасарова, сатушы:
- Сатып алушылар ренжіп жатыр. Құжатты үнемі өзімен алып жүрмейді ғой. Жоғалтып алса не болады. Талап сондай деп түсіндіруге тырысып жатырмыз. Бізге де оңай емес. Сауда жасау керек. Ал бұл өзгеріс қолымызды байлағандай болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!