{metadescription}
Цой: Өткен деректерді қайта тексеріп тіркеудің түк қажеті жоқ
Цой: Өткен деректерді қайта тексеріп тіркеудің түк қажеті жоқ

Цой: Өткен деректерді қайта тексеріп тіркеудің түк қажеті жоқ

1-тамызға дейінгі пневмонияға шалдыққандардың саны жалпы көрсеткішке қосылмайтын болды. Себебі – қарапайым. Денсаулық сақтау министірінің сөзінше, пандемиямен күресте әбден титықтаған дәрігерлердің жыл басынан бергі статистиканы қайта қарауға уақыты жоқ. Министрлік тамыздың 1-нен бергі сандарды да «біріктірдік» дегенімен, оның өзін жаңылтпаш қып жіберіпті. Сонымен соңғы бір тәуліктің өзінде пневмония мен коронавирус 54 адамның өмірін жалмаған. Денсаулық сақтау министрі сонда да жағдай тұрақталды деген сенімде.

Бүгінгі брифингті Денсаулық сақтау министрі «жағдай тұрақталды» деген жылы ақпардан бастады. Мәселен, наурыздан бері 92 662 қазақстандық аты жаман ауруға шалдықса, соның 67,5 пайызы құлан-таза айыққан. Бірақ соңғы тәулікте 34 адам covid-тен көз жұмса, 21 өлім-жітім пневомонияның кесірінен болыпты. Айтпақшы, министрлік уәде еткендей тамыз басынан коронавирус пен пневмония көрсеткіштері бірге есептеледі дегенімен, оның өзі жаңылтпаш болып кеткен. Әрі жыл басынан өкпе қабынуына шалдыққан 234 мың науқас бұл көрсеткішке енбейді екен.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Әр науқасқа қатысты жағдайды кодтап тіркеу барысына қатысты дәрігерлерге үлкен салмақ түсіп отыр. Қазіргі қиын кезеңде дәрігерлердің өткен ақпаратты өңдеумен не науқастарды емдеумен айналысуын таңдауымыз керек. Меніңше, өтіп кеткен деректерді қайта тексерудің, тіркеудің түк қажеті жоқ. Тың мәліметтермен ғана жұмыс істеген ұтымды. Соның арқасында алдағы ахуалға әзірленуге болады.

Алайда министрлік коронавирустық пневмония жұқтырғандардың жалпы санын білгенімен, өңірлер бойынша өсімді айтып бере алмады. Ол деректі жуық арада сайтқа саламыз деп те уәде  берді. Еске алмайық десек те, covid-ке біздің денсаулық сақтау жүйесі дайын болмай, соққысы кәдімгідей теңселтіп тастады. Әрі миллиардтап ақша бөлінгенімен, жұмыс нәтижесі мардымсыз деп президент те, жұртшылық та сынап тастаған. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының отандық медицинаға деген көзқарасы тәп-тәуір екен. Ұйымның өкілі Цойдың командасын тіпті мақтап отыр.

Каролин Кларинвал, ДДСҰ Қазақстандағы өкілдігінің басшысы:

- Коронавируспен күресте айрықша белсенділік танытқан Қазақстан Үкіметін және Денсаулық сақтау министрлігін мақтағым келеді. Әрі пандемия басынан бері Денсаулық сақтау министрілігі басқа елдердегі жағдайды назарда ұстап, тәжірибе алмаспаққа ұмтылды. Мұндай жұмысты біз айрықша мақтаймыз.

Соған қарағанда өз медицинамыз өзімізге ғана қораш көрінгені ғой. Әрі Алексей Цойдың өзі де «министрлік коронавирусқа дайын болмады» дегенмен келіспейді екен. Қазір ахуалдың барынша қалыпқа келгенін алға тартқан министр бүгінде елде стационарлардың тек 34 пайызында ғана науқас жатқанын жақсы мысал ретінде келтірді.

Бір жыл ішінде Қазақстанда пневмониядан көз жұмғандардың саны 2 есеге артыпты. Ал 17-не дейін ұзартылған карантин дәл сол күні аяқталары әлі белгісіз, ол эпидахуалға ғана байланысты болмақ. Министрлік күз айларындағы дерттің дендеп кетуін болдырмауға дайынбыз деп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде