Отырар ауданындағы 100 га жүгері мен қауын-қарбыз екі ай суарылмаған
Отырарлық диқандар тақырға отырудың аз-ақ алдында! Түркістан облысындағы Отырар ауданында үш ауылға қарасты жүзден астам гектарға егілген жүгері мен қауын-қарбызға судың берілмегеніне екі ай болған. Соның салдарынан егін қурап, құрып кетуге шақ тұрса, басқа ауылдарда мұндай мәселе жоқ екен. Жұрт мұны осы салаға жауапты шенеуніктердің былығы дейді. Ал бұлай жалғаса берсе, бүкіл егіннен айрылып, еңбегіміз еш кететін болды деген диқандар жайын тілшіміз әңгімелейді.
Автор: Бек Әбиев
04.08.2020
Отырар ауданының халқы негізінен егінмен күн көреді. Бірақ биыл егіншілікте күй жоқ. Әсіресе Талапты, Қоғам және Отырар ауылдарына қарасты жүз гектардан астам аумаққа егілген жүгері, қауын-қарбыз бен мақта қурағалы тұр. Ерте көктемнен жер жыртып, егін салып, енді дайын өнімді жинаймыз деп күтіп отырған кезде тіршілік нәрі мүлдем келмей, егін елдің көз алдында күйіп барады екен.
Марат Жүнісбеков, диқан:
- Міне 13 гектар қауынымыз, бірінші ұрықтық суды әлі ішкен жоқ. Алды 65 күн, аяғы 85 күн болды. Мынау бәдірен сияқты қисайып қалды. Бұны енді білмеймін, шығынды жаба алмайды. «Отырар несиеден» 3 миллион несие алғанбыз, бір жылдық, шығынын жерге салғанбыз. Енді білмеймін, қалай өнімді ақтап, бала-шағамызды қайтіп бағамыз?!
Көнекөз диқандардың айтуынша, Отырарда бұрын-соңды мұндай жағдай болмаған. Егіншілер су жетіспеушілігіне аудандағы аталмыш сала басшыларының «селқостығы себеп» дейді. Яғни «Қазсушар» өкілдері кей шаруа қожалықтарына тіршілік нәрін аямай берсе, кей ауылдарға бір тамшы да жібермеді деп ашулы. Енді жұрт жаға жыртысып та жатыр екен.
Қойшығұл Мамыров, диқан:
- Ауыл-ауыл боп бір-бірімен жанжал. Енді соны тәртіпке салатын адам керек қой, бір басшы. Жұртты қырылыстырып қойып, қызығына қарап отырмай. Егелік ететін, «сен ал, сен қой» деп ауылдарға бөліп берсе.
Ал аудандағы «Қазсушар» мекемесі судың биыл аз болатынын көктемде білгенбіз, әр шаруаға ескерткенбіз дейді. Арыс және Сырдария өзендерінде мардымды су болмай, сондықтан көп диқан егінсіз қалды деген олар өңірдегі су қоймаларынан сұрап алып жатыр екен.
Уайс Шойбек, «Қазсушар» РМК Отырар ауданы филиалының басшысы:
- Қазір шапқылап жүрміз. Мол су келді.
- Қайдан келді?
- Қараспан плотинасынан қазір 10 текше метр су тастап жатыр, 1-тамыздан бері. Қазір соны барлығына бөліп жатырмыз. Өтініш, сұраныстар бар. Соның өтініштерін қанағаттандыруға.
Басшылар енді «диқандарда су мәселесі болмайды» деп ант-су ішкенімен, өнімі өліп жатқан егіншілер қазірдің өзінде келтірілген шығынды есептеуде. Егін егуге жердің өзін жалға алған оларға шығынды да ешкім өтеп бермесі анық. Енді қалған жүгері мен қауынды құтқарып қалса да абырой.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!