Асқар Мамин тас-түйін дайын отыруға шақырды
Пандемияға қатысты әлемдік ахуал ушыға түскен. Соның салдарынан Қазақстанда коронавирустың кезекті толқыны басталуы ғажап емес. Осылай деген премьер-министр соңғы уақыттағы жақсы жаңалықтарға масаттанбай, тас-түйін дайындыққа шақырды. Жалпы өңірлердегі жағдайдың біршама тұрақтанып келе жатқанын айтқан болатынбыз. Бірақ Ақмола және Қостанай облыстарындағы ахуал әлі де мәз емес.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
04.08.2020
Денсаулық сақтау министрі Үкімет отырысындағы баяндамасын коронавируспен күрестегі оң нәтижелерден бастады. Десе де премьер-министр Асқар Мәмин бұл жылт еткен жылымыққа алданбай, ары ойлап, қарекеттенуге шақырды. Себебі, әлемдегі 126 елде пандемия жағдайы күрделене түскен.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:
- Пандемияның жаңа толқыны күзде пайда болуы мүмкін және оған дайын болуымыз керек. Ауру жұқтырған азаматтарды емдеу және вирустың таралуын төмендету жөніндегі қарқынды жұмысты, оның ішінде санитарлық нормаларды, маска кию режимін сақтау туралы түсіндіру науқанын жалғастыру керек.
Елдегі жағдайдың тұрақтануына вирустың репродуктивті көрсеткішінің төмендеуі де оң әсер еткен екен. Былайша айтқанда, тоғыз облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында бір науқастан вирустың таралуы айтарлықтай азайған. Бірақ Ақмола және Қостанай облыстарында бұл жағдай әлі де күрделі. Сондықтан қос облыс басшыларына ахуалды тұрақтандыруға тапсырма берілді. Себебі, Қостанай, Ақмола облыстарында инфекцияның репродуктивті көрсеткіші 1-ден жоғары.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Репродуктивті көрсеткіш 1-ден жоғары болса, вирус жұқтырғандардың саны да көп деген сөз. Ал бұл меже 1-ден төмен болса, бір науқастан covid жұқтырғандардың саны да аз дегенді білдіреді. Қатаң шектеулер енгізілмей тұрып, репродуктивтілік 1,2-ні көрсетсе, 2 апталық карантиннен соң, вирустың бір адамнан жұғу қарқыны тұрақты түрде төмендей түскен.
«Республикалық маңызы бар қалалар мен тоғыз бірдей облыстағы жағдайдың қалыпқа келгені карантиннің жемісі», - дейді Алексей Цой. Бірақ Ақмола мен Қостанай облыстарында әлі де ахуалдың күрделілігін және вирустың кезекті толқынына қамданысты ескерсек, карантиннің тағы да ұзартылуы ғажап емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!