Жарылыс: Бейрутта жүрген отандастарымыз көргенімен бөлісті
Бейруттағы жойқын жарылыста зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Ливандағы консулдық қызметке тіркелген 113 отандасымыз бен осында бітімгерлік миссиясын атқарып жатқан 120 әскери қызметкер дін-аман. Дегенмен дипломаттарымыз отырған ғимаратқа айтарлықтай зақым келген.
Автор: Асқарбек Қазанғап
05.08.2020
Осындағы отандастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге президент Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл тапсырма берді. Ливан астанасының жартысы жойқын жарылыстың зардабын тартып отыр. Өлгендер саны 100-ден асты. Келген шығын да орасан. Сонда жүрген отандастарымыз да қайғылы оқиғаға байланысты өз көргенімен бөлісті.
Кенеттен шыққан дүмпу кімді де болса бір сәтке есеңгіреткендей. Жойқын жарылыс санаулы минуттарда тып-тыныш тұрған қаланың астаң-кестеңін шығарды.
Еденде сорғалаған қанға қарап аурухана емес, құдды қасапхана дерсіз. Бейруттың медициналық мекемелері жаралы тұрғындарға лық толды. Төрт мыңнан аса адам дәрігерлер көмегіне жүгінген. Ливан астанасына жақын орналасқан Триполи шаһарында оқитын отандасымыз Шоқан Уәлиев үрейді үдеткен кешегі күннің естелігімен бөлісті.
Шоқан Уәлиев, Ливандағы студент:
- Кешегі жарылыс болған астанасы Бейруттан шамамен 80 км ұзақтықта. Болған жағдайдың қарсаңында біз, Аллаға шүкір, өз қаламызда болдық. Біздерге ешқандай әсері келген жоқ. Тіпті біз оның хабарларын уатсап арқылы, интернет желілері арқылы бақылап, біліп отырдық.
- Мына жерде барлығы қиратылды. Төменде төбелердің барлығы қирап түсіп қалды.
Қабырғасы қирағанмен, көк туымыз түспеген ғимарат – Бейруттағы біздің дипломатиялық миссияның кеңсесі. Жарылыс сәтінде барлық қызметкерлер үйіне тарқап үлгерген екен. Тек іште аялдап қалған консул жеңіл жарақат алды. Президент Қасым Жомарт Тоқаев Ливандағы отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тапсырма берді.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Қазір дипломаттарымыз азаматтармен хабарласуда. Ливанда консулдық есебінде 113 қазақстандық тіркелген. Барлығыменен қазір байланыс орнатылған.
Ливанда Қазақстанның Біріккен ұлттар ұйымы сапында бітімгершілік миссиясын жүзеге асыратын 120 жауынгері бар. Елдің Қорғаныс министрлігі олардың дін аман екенін жеткізді.
Әсет Аққозынов, ҚР Қорғаныс министрлінің ресми өкілі:
- Біздің әскери қызметшілерде бәрі жақсы және бөлімшенің оқиға салдарын жоюға қатысуы жоспарланбаған. Жеке құрам штаттық режимде жүктелген міндетін орындауда.
Ресми мәлімет бойынша Бейруттағы жарылысқа алты жыл бойы қоймада жатқан 2750 тонна аммиак селитрасы себеп болған. Салдарынан жүзден аса адам ажал құшты. Марқұмдар саны әлі де өсуі мүмкін. Өйткені қираған ғимараттардың барлығы аршылып біткен жоқ. Келген шығын да орасан. Жарылыстан қаланың жартысына айтарлықтай зақым келген. Бейрут губернаторы шамамен 5 миллард доллар шығын келгенін айтты. Ел билігі болған жайға кінәлілерді анықтауға қатаң тапсырма берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!