Таразда жасырын кафелерді кәуаптың иісі әшкерелеп берді
Кәуаптың иісі ұстап берді. Таразда карантин уағында кафелер жасырын жұмыс істеуін доғарар емес. Тиісті шектеулерді елемей, кәсібін дөңгелеткен бизнесмендердің біразы кезекті тексеруде анықталды.
Автор: Руслан Әбдіхалық
06.08.2020
Қазір қала шетінде ешкім бара бермейтін дәмханалардың дәуірі жүріп тұр. Қожайындары орталықтан қашық болған соң, тексерушілер көрмейді, келмейді деп ойласа керек. Бірақ нысанның жұмыс істеп тұрғанын әкімдік өкілдері кәуаптың иісінен біліп қойған. Алайда шоққа піскен еттің дәмді иісін алыстан сезгенімен, кафенің алдына келгенде бөгеліп қалды. Себебі, мұндағы әкімші есікті ұзақ уақыт ашпай қойды. Бекер емес екен. Ішінде ересектері мен балалары бар жалпы саны 50 шақты келуші жарықты сөндіріп жасырынып отырған. Ал тексерушілер ішке сау етіп кіргенде, сыра ұстаған сауыққұмарлар кірерге тесік таппай қалды. Әкімші «шектеу барын білмедім» деп ақталғанымен, оған карантиндік талапты бұзғаны үшін 600 мың теңге айыппұл салынды. Өңірде 390 кәсіпкерлік нысан тексеріліп, оның 49-ы айыппұл арқалаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!