{metadescription}
Ақтөбе облысында қаражат тапшылығынан егін орылмай тұр  
Ақтөбе облысында қаражат тапшылығынан егін орылмай тұр  

Ақтөбе облысында қаражат тапшылығынан егін орылмай тұр  

Ақтөбе облысының шаруалары егінге орақ сала алмай отыр. Дизель отынын алуға қаражаттың жоқтығынан жұмыстары тоқтап қалған. Ал мемлекеттен берілетін субсидияның ақшасы ай соңында түседі. Соның есебінен «қазір қолдау көрсетсе» деп, біраз жерге өтініш білдіріпті. Бірақ олардың базынасына құлақ асқан ешкім жоқ. Шаруалардың шарасыз күйін тілшіміз көріп келді. 

Ақтөбе облысындағы егін алқаптарындағы техника қаңтарылып тұр. Өйткені көлік жүргізетін жанармай жоқ. Ал дәл қазір орақ салмаса, диқандардың бір жылғы еңбегі далаға кетеді. Аймақта егін ору науқаны басталғанымен, шаруалар жұмысқа бел шешіп кірісе алмай отыр. Оған дизель отынын алуға ақшаның жоқтығы себеп. Енді бірер апта кешіксе, арпа-бидай дәні шашылып, комбайнның да көмегі болмай қалады.

Есенжол Жәдігеров, комбайншы:

- Уақытымен ору керек. Жауын-шашын болып жатыр. Сондықтан солярка жетіспейді. Күніне үш жүз литр жағады. Жаңбыр жауып кетсе, егін құлайды, шабылмай қалады. Еңбегіміз далаға кетеді.

Шаруалардың көмек сұрап бармаған жері қалмаған. Бірақ ешбірінен қайыр жоқ. Дегенмен қожалықтардың барлығы субсидия алады. Бірақ ол қаражат ай соңына таман түседі екен. «Сол ақшаның орнына қарызға жанармайды дереу бергізсе» - дейді.

Марлен Баймағанбетов, шаруа қожалығының басшысы:

- Маған қазір бір бензин таситын көлік солярка алуға екі жарым миллион қажет. Оны төлемесем, солярканы бермейді. Ал үкімет маған субсидиямды төлемей отыр. Мен сияқты шаруашылықтар көп. Солардың бәрімізді осылай ықпал етіп, шаруаны істеуге, иә ауыл әкімі, иә аудан басшылары, иә облыс басшылары жұмысымызға ықпал жасамай отыр. Жәрдем бермей отыр.

Диқандарға аймақтағы жалғыз компания дизель отынын 161 теңгеден сатады екен. «Кезінде ауыл шаурашылығы басқармасымен келісімге тұрған операторға еш сөзіміз жүрмейді», - дейді шенеуніктер. Сондықтан қожалық иелері «өз қотырын өзі қасысын» деп отыр.

Асылхан Әбтиев, Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Қарызға беру жөнінде енді ауыл шаруашылық басқармасының құзырына кірмейді. Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, әкімдік, яғни мемлекет кәсіпкерлердің  арасына қарасуға, иә араласуға құқығымыз жоқ. Бұл жемқорлық болып есептеледі. Бизнес ортасына бер деп айта алмаймыз. Бизнестің аты бизнес. Оператордың өз шығындары бар. Өзінің салығын төлеп отыр. Осы шаруашылыққа бар деп айта алмаймын.

Егіншілерге дизель отынын таратуға міндетті компанияның қарызға жанармай бергісі жоқ. Егін ору науқаны қызған шағында тұралап қалған шаруалар енді кімнен көмек сұрарын білмей жүр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде