Грузияда жоғалған Илья Пилпаниді күштеп ұстап отыр ма?
Грузияда жоғалған қазақстандық жасөспірімді әлдебіреулер күштеп ұстап отыруы мүмкін. Осындай күдікпен Ішкі істер министрлігі қылмыстық іс қозғаған. Тергеушілер бүгіннен бастап тұрғын үйлерді тінтуге кірісті.
Автор: Аруна Ортай
06.08.2020
Туыстарымен ренжісіп үйден шығып кеткен бала «адасып кетті» деп есептелініп келген. Алайда Грузияның Ішкі істер министрлігі енді істі басқаша тергей бастады. Атап айтқанда, «кәмелетке толмаған баланы заңсыз бостандығынан айыру» бабымен іс қозғалды. Бұл алматылық оқушы Илья Пилпаниді әлдебіреулер күштеп ұстап отыруы мүмкін деген сөз. Соған қарағанда қазақстандық жасөспірімді жиырма күннен бері іздеп жатқан құзырлы органдар қандай да бір ілік тапқан болуы мүмкін. Бірақ тергеу құпиясына байланысты әзірге ақпаратты ашып айтпады.
Қазір құтқарушылар тобы еріктілермен бірге елдімекенді шарлап, тау мен өзеннің жағасынан жоғалған баланы іздеп жатыр. Сонымен бірге күдік тудырған тұрғын үйлер мен құрылыс нысандары да тексерілуде.
Он үш жастағы Илья Пилпани Грузиядағы туыстарына әкесімен бірге қыста қыдырып кеткен. Кейін коронавирусқа байланысты шекара жабылып, әке мен бала кері қайта алмай, сонда қалып қойған. Алматылық оқушы жоғалар күні жақындарымен сөзге келіп, үйден шығып кеткен екен. Содан бері жасөспірімнен еш хабар жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!