Ковид-19: Елімізде аурудың беті бері қарады ма?
Елде вирус жұқтырғандардың саны 100 мыңға жуықтады. Өткен тәулікте ковид-19 анықталған 1060 науқас тіркелген. Дегенмен алдыңғы апталармен салыстырғанда аурудың беті сәл де болса бері қарағандай. Елдің әр түкпірінде төтенше жағдай кезінде ашылған стационарлар жайлап жабылып жатыр.
Автор: Асқарбек Қазанғап
06.08.2020
Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы аурухананың инфекциялық бөлімі қазір бос тұр. Мұнда ем алған соңғы науқас өткен апта құлан-таза айыққан. Аймаққа арнайы ат басын бұрған Мәжіліс депутаттары да жағдайды өз көзімен көрді.
Бақытжан Мырзагелдиев, Ордабасы аудандық ауруханасының бас дәрігері:
- 30-шілдеде ең соңғы науқасты емдеп шығардық. Қазір инфекциялық госпитальде науқас жоқ. Бүгін 8-тамыз. Соған байланысты инфекциялық госпиталь қайта жабылып, тиісті дизинфекциялық жұмыс жүргізіп, басқа бөлімшеге ауыстырып жатырмыз.
Вирус статистикасы сиреген облыстардың қатарына Қарағанды да кіреді. Күн сайын ауру өсімі мұнда 0,9 пайызға дейін түскен. Бүгінге дейін 9075 науқастан коронавирус белгісі расталған. Дегенмен беті бері қарап, жазылып шыққандар көп.
Айгүл Шатекова, Қарағанды облысының тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің ресми өкілі:
- Өткен тәулікте 87 жаңа ауру тіркелді. Оның ішінде ауру белгілерімен – 69, ауру белгілерінсіз – 18. Бір тәулікте 38 адам ауруханадан шықты. Облыс көлемінде барлығы 5500 науқас жазылып, ауруханадан шығарылды.
Соңғы тәулікте вирус статистикасы тағы 1060 науқаспен толықты. Осылайша республикамызда ковид-19 жұқтырғандар саны 96 мыңға жетіп жығылды. Оның 70 мыңға жуығы жазылып, өкінішке қарай, 1058 науқас бақилық болған. Марқұмдарға қатысты статистика апта басынан бері жаңарған жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!