ДамуМед: Оңай ақша жасау кімге тиімді?
Науқастардың сыртынан «ДамуМед» арқылы ақша жасаған дәрігерлердің еш кінәсі жоқ. Заң бұзушылыққа оларды біреу итермелеген. Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі даулы мәселеден кейін ақ халаттыларды осылай қорғаштап жатыр. Министрлік заң бұзушыларға қатысты тексеруді бастаған. Кінәлілердің арқалайтын айыппұл көлемі де қомақты.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
06.08.2020
Емханалар төңірегіндегі дау Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесіне де жетті. Тілшіміз оңай ақша жасаудың кімге тиімді екенін біліп көрді.
Қазақстанда учаскелік дәрігерлердің науқасты қабылдауы кепілдендірілген тегін медициналық қызмет көрсету аясына кіреді. Әр науқасқа 1035 теңге белгіленген. Ал терапевт, педиатр, гинеколог сияқты арнайы мамандар тегін де, ақылы да қызмет көрсетеді. 1520 теңгеден басталатын ем-домның ақысын сақтандыру жүйесі төлейді. Сау адам шатасатын схемамен денсаулық сақтау жүйесіндегі проблемаларды зерттеумен айналысатын қауымдастық басшысы Төлебай Рахыпбеков келіспейді. Оның айтуынша, мәселенің ушығуына қордың қатысы бар.
Төлебай Рахыпбеков, профессор:
- Бұл жағдайда тек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры кінәлі. Ұйым медициналық қызметке берілетін ақшаны бөліп-жармау керек еді. Олар мамандарға ақшаны дұрыс төлеп отырған жоқ. Олар арнайы мамандарға науқастардың келуіне байланысты төлейді. Тексеру жүргізудің қажеті жоқ. Бәрі көрініп тұр ғой. Мынау пандемия кезінде емханалар жабық. Оларға бір күнде 25 науқасты қабылдаңдар деген тапсырма бар. Амалсыздан осы әрекетке барады. Менің ойымша, арнайы мамандарды учаскелік дәрігерлермен теңдестіру керек.
Науқастың сыртынан тон пішкен дәрігерлердің жымысқы әрекетін әшкерелеп, әлеуметтік желі шарқ ұрып жатыр. Дегенмен денсаулық сақтау жүйесіндегі мамандар ақ халаттылардың еш кінәсі жоқ деген пікірде. Жұмысы көп, қағазбастылық та кедергі. Бұған жүйе кінәлі.
Бақытжан Тәжібай, Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы:
- Дәрігерлерді айыптауды біз дұрыс емес деп санаймыз. Өйткені қателіктер болуы мүмкін. Ақпараттық жүйені толтырған кезде дәрігердің өз жүктемелері бар, ол науқастарды қарағаннан кейін жүйеге салу керек. Асыққан кезде қателік кетуі мүмкін.
Медициналық сақтандыру қоры соңғы жарты жылда 12 мыңдай жалған қабылдау бойынша заң бұзушылықты анықтаған. Қазынаның 75 миллион теңгесі талан-таражға түсті. Мәселен, Солтүстік Қазақстанда 51, Алматыда 41 және Маңғыстауда 61 заңбұзушылық тіркеліпті. Салаға жауапты министрліктегі тергеу кінәліні бәрібір анықтамақ.
Бағдат Қожахметов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:
- Денсаулық сақтау министрлігінің ұстанымы неде? «Дәрігерлер кінәлі» деп ешкім айтып жатқан жоқ. Бұл жерде дәрігерлерді заң бұзушылыққа барғызатын жүйе кінәлі болып тұр. Сол жағдайды тоқтатып, қордан ақша ұрлауға ешкімге еш мүмкіндік бермеу керек.
Оңай ақшаға кенелгісі келетіндердің ісімен қазір азаматтық-құқықтық негізде тексеріс жүріп жатыр. Іс насырға шапса, емхана мен медициналық сақтандыру қоры сотқа дейін бармақ.
Заңға селқос қарағандарға айыппұл салынады. Медициналық ұйым басшылары көрсеткен қызметтің 300 пайыз есесін қайтарып береді. Емханалардың ебін тауып, «Дамумедпен» жалған қабылдауын анықтауға бүгін еліміздің Қауіпсіздік кеңесі араласатыны мәлім болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!