{metadescription}
Елордадағы көкталдықтар 20 жыл бойы пеш жағып отыр  
Елордадағы көкталдықтар 20 жыл бойы пеш жағып отыр  

Елордадағы көкталдықтар 20 жыл бойы пеш жағып отыр  

Елордада әлі күнге пеш жағып, астана емес, ауылдың күйін кешіп жатқан жұрт наразылық білдірді. Көктал ықшамауданының тұрғындары бұл мәселені 20 жыл бойы айтып келе жатқанымен, еш нәтиже жоқ. Орталық жылу жүйесі оларға арман. Ендігі үміті іргеден өткізіліп жатқан газ құбыры. Бірақ оған қосылу да жақын жылдың  шаруасы емес сияқты. Ал әкімдік қашанғыдай уәдені үйіп-төккен. Жұрттың жанайқайын тілшіміз тыңдап келді. 

Жетпістен асқан Нина қарияның көрген күні қиын. Көктал ықшамауданы қалаға жатқанымен, отын жарып, күл шығарудың машақатынан әлі арылмаған. Бір қызығы, бұл екі қабатты үйлерде пеш жағуға тыйым бар. Тіпті 2000 жылы төтеншеліктер тұрғындарға пештің көзін құртуға бір жыл уақыт беріпті. Алайда бір жылдан соң да, 20 жыл бойы да қауіпсіздік туралы ләм-мим деген жан табылмаған.

Вера Есина, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Коронавирустан қорқудың түк қажеті жоқ. Вирус жұққаннан, бұрын не көк түтінге қақалып, не пешіміз жарылып, ажал құшарымыз анық. Тек сол апаттың қашан боларын қорқынышпен күтіп жүрміз.

Пештен секем алғандар амалсыз электр жылыту жабдықтарын тұтынады. Сондықтан қыста айына жарыққа 50 мың төлеуге мәжбүр. Ал үнемдеп қалғысы келетіндер өз бетінше амалдап үйренген.

Иін тірескен, бір-біріне жапсарласқан гараждарда түрлі темір тұлпарлар сақталады десеңіз, қателесесіз. Себебі, маңайдағы екі қабатты үйлердің тұрғындарының отындары осында сақталады. Өйтпеске лажы жоқ. Себебі, қыс айларында, қытымыр қыстың мінезінде отын құрғақ болуы тиіс.

Шақа Бейсенбаев, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

Қазір жылу маусымына дайындалып жатырсыз ба?

- Иә, дайындалып жатырмыз. Төрт тонна көмірге тапсырыс беріп қойдық, ертең әкелуі тиіс. Мынаның ішінде былтырдан қалған көмір бар, әне. Ағашты төбеде сақтаймыз. Мынаны кесіп, гаражға тығамыз.

Тұрғындардың айтуынша, газ тартумен айналысатындар осы жылы бұл шағын ауданды жоспарға енгізуді байқаусызда естен шығарған. Бірақ әкімдік бұл деректі жоққа шығарды. Жоспарға жуырда түзету енгізіп, көкталдықтарды көк отынға қарық қылмақ.

Мақсат Есмағұлов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Отын- энергетикалық ресурс бөлімінің басшысы:

- Көктал-1 және Көктал-2 тұрғын алаптарын газдандыру бойынша жобаға сәйкес үлкен жұмыс істеп жатырмыз. Биыл оны қыркүйек айында түгелімен тапсырамыз деген жоспар бар. Сол жоспардың негізінде қазір ішкі түзетулер енгізу арқылы аталған тұрғын үйлерге дейін арнайы газ құбырын әкелеміз. Бірақ мұнда бір мәселе бар, ішкі газ тарату жүйелерін және қажетті қазандықтарды орнатуды тұрғындар өзі жасауы керек.

Қыркүйекте дайын болатын тек жоба құжаттары ғана. Оны әлі бірнеше орган мақұлдауы тиіс. Сондықтан көкталдықтарға көгілдір отын әзір келмейтін сыңайлы.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде