Ковид-19: Жұқтырғандар – аз, жазылғандар – көп
Жұқтырғандардан гөрі, жазылғандар көп! Коронавирустан құлан-таза айыққандардың статистикасы тағы озды. Соңғы тәулікте індет жұқтырған 980 адам тіркелсе, жазылғандар екі есеге асты.
Автор: Аруна Ортай
07.08.2020
1800-ден аса адам ауруханадан шыққан. Бірінші орында – Шымкент қаласы. Мұнда бір күнде 400-ден аса адам індеттен айықты. Одан кейін Шығыс Қазақстан облысы. Мұнда 300 науқас жазылып шыққан. Ақтөбе облысында 205 тұрғын ауруханадан шығып, аман-есен үйіне оралды.
Ал ауруды жаңа жұқтырғандар статистикасы төмендеген. Бір тәулікте коронавирус диагнозымен 980 адам тіркелсе, оның 500-ден астамы симптомсыз. Өкінішке қарай, індеттен 18 адам көз жұмды. Дәрігерлер қайтыс болғандардың пневмониясы асқынып, аурумен күресуге мүмкіндік бермегенін айтады. «Ауруды жеңуге кейбір азаматтардың жауапсыздығы да мүмкіндік бермей жатыр», - дейді Алматы қаласының бас санитар дәрігері. Олай дейтіні, бүгін ауруханаға түскен тұрғындардың 55 пайызы үйде жатып емделіп, ауруын асқындырып алған. Онымен қоймай, сақтық шараларына жүрдім-бардым қарап, індетті өзгелерге жұқтырып жатқандар аз емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!