{metadescription}
Есеп: «СҚ-Фармацияның» жаңа басшысы бір айда не бітірді
Есеп: «СҚ-Фармацияның» жаңа басшысы бір айда не бітірді

Есеп: «СҚ-Фармацияның» жаңа басшысы бір айда не бітірді

Коронавирустан үйде емделетіндерге «СҚ-Фармация» 9 миллиардтай теңгеге бес түрлі дәрі сатып алмақшы. Тегін таратылатын препараттар бір миллиондай қазақстандыққа жетуі керек. Елде дәрі тапшылығын болдырмауға шұғыл шаралар кешені әзірленген. Енді қауіпті індетпен күресетін 100 мың науқасқа препараттар екі айлық қордан алынады. Ал 1-тамыздан бастап коронавирус пен пневмонияның біріктірілуі тиіс статистикасы сол күйі жүйеленбепті. Аурудың күздегі толқынына дейін мұны мамандар жасап үлгере ме, ол белгісіз.

Кеселдің кесірінен болған шілдедегі дәрі-дәрмектің дүрбелеңін халық әлі ұмыта қойған жоқ. Сабылып дәріхана жағалаған бұқараның жанайқайынан соң, дәрі-дәрмекпен айналысатын «СҚ-Фармация» басшылығы бірден жұмыстан қуылып, басқа төраға келді. Бүгін Ерхат Есқалиев бір айда қандай жұмыс атқарғанын жұртқа айтып берді.

Оның айтуынша, енді қазақстандықтар препарат іздеп, еш жерді кезбейді. Өйткені маусым айының соңы мен шілденің басында вирус жұқтырғандардың көбеюі сабақ болды. Шұғыл шаралар кешені де дайын. Бірінші кезекте, екі айлық дәрі-дәрмектің қоры құрылады. Бүгінге дейін еліміздегі 189 жұқпалы аурулар ауруханасы мен 330 уақытша орталыққа 91 дәрілік зат жеткізіліпті. Жалпы инфекция елді жайлағалы медициналық ұйымдарға 12,8 миллиард теңгеге дәрі алынған. Бір қуантарлығы, енді COVID-19-дың жеңіл, не орташа түрімен үйде емделіп жатқандарға тегін препарат беріледі.  

Ерхат Есқалиев, «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы:

- Бұл қабынуға қарсы препараттар. Яғни, парацетамол және ибупрофен, ривароксабан, апиксабан және дабигатран. Денсаулық сақтау министрлігі амбулаториялық жағдайда ем қабылдайтын науқастардан коронавирусты анықтап, оларды емдеуге қажет деп, бес түрлі дәріні хаттамаға қосты. Қазір дәрі-дәрмекті сатып алу процедурасы өтіп жатыр. Жалпы сомасы 8,6 млрд теңгеге дәрі-дәрмек алынады. Министрлік болжамы бойынша, ол дәрілер бір миллион науқасты емдеуге жетеді.

Әзірге препараттардың науқастарға қашан таратылатыны белгісіз. Білетініміз, олар тамыздың 10-да тек медициналық ұйымдарға жеткізілмек. Ал шетелден дәрі-дәрмектерді тасымалдау бұрынғыдай қиынға соқпайды. Логистика мәселесін шешіп қойыпты. Алыс-жақын елден келетін, не келген гуманитарлық көмек болса, бір күнде бірден өңірлерге жіберіледі.

Ерхат Есқалиев, «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы:

- Ұшақ келіп қонған кезде жүкті рәсімдеуге және бөлуге қажетті құжаттар толық қолымызда болады. Біз бұл жүкті бір тәуліктің ішінде жолай кетіп бара жатқан көліктермен өңірлерге жібереміз. Дәл осы қарқында гуманитарлық жүктерді еш проблемасыз жіберуге тырысамыз.

Қазақстанда коронавирустың екінші толқыны күзде болуы мүмкін. Тұмау, маусымдық вирустық инфекциялар да өршиді. Денсаулық сақтау министрлігі бұл кезеңге болжам жасап қойыпты. Оған сәйкес, ауруханаларда қосымша төсек-орын дайындалады, жансақтау бөлімдері кеңейтіледі.  

Дегенмен министрліктің бұл болжамына тек коронавирусқа шалдыққан науқастар ғана қосылған. 1-тамыздан бастап коронавирус пен пневмонияның статистикасы біріктірілетін болған соң, жоспар өзгеретіні сөзсіз. Тамыз айының басталғанына бүгін жетінші күн. Алайда денсаулық сақтау министрлігі әлі коронавирус пен пневмонияның көрсеткішін қоса алмай жатыр. Мамандарға әлі екі-үш апта керек.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.