«Нұрлы жер»: Таразда жаңа үйлер бір жылда тұруға жарамсыз болған
Уәдесінде тұрмаса, ипотека төлеуден жаппай бас тартпақ. Таразда «Нұрлы жер» бағдарламасымен баспаналы болғандар наразылық білдіріп жатыр. Олардың сөзінше, пайдалануға берілгеніне жыл толмаған үйлердің тоз-тозы шығып, тұруға жарамсыз болып қалған. Дау көтерген бұқара мердігердің ғимаратқа қайта жөндеу жұмыстарын жүргізуін талап етеді.
Автор: Руслан Әбдіхалық
10.08.2020
15-ші шағын ауданындағы жаңа үйлердің дауы бітпей қойды. Былтыр ғана су жаңа көп қабатты нысандардың «коммуналдық қызметі іске қосылмаған» деп жұрттың шулағаны бар. Бұл жолы да сол мақтаулы аудандағы 27-ші және 31-ші үй тұрғындары бас көтерді. Олар баспаналардың сапасыз құрылысына наразы.
Айымбүбі Қалтайқызы, Тараз қаласының тұрғыны:
- Сапасы нашар. Тиіп кетсең, плиталардың бәрі түсіп қалды. Ас бөлмедегі плита ұстасаң, аяғына қирап түсіп жатыр.
Пәтерлер ипотекалық негізде үлестірілген. Елдің алды мұнда жеті ай бұрын қоныстанса, соңғылары үш күн бұрын келген. Бірақ жұрт енді бұл үйден баспана алғанына өкініп отыр.
Айымбүбі Қалтайқызы, Тараз қаласының тұрғыны:
- Ваннада крандардың бәрі істемейді. Залда жарық жоқ. Электрик шақырып оны істеттік. Бәріне мамандарды шақырып істетіп жатырмыз.
Тұрғындардың айтуынша, үйдің бәрі шұрық-тесік. Тіпті жауынды күні балконға аққан су бөлмелерге кіреді екен. Ал еденнің сиқы жаман. Қабырғасы жаппай көгерген. Соған қарағанда төбеден су ағатын болса керек. Зең сасыған иістен тыныс алу мүмкін емес. Шенеуніктердің пәтерлерді дәл осы күйде пайдалануға неліктен бергені түсініксіз.
Анар Елеусізова, Тараз қаласының тұрғыны:
- Есіктері жабылмайды. Бірнеше рет шақырып жөндеттік. Бірдеме қылып орынна келтірдік. Бірақ бұл үйдегі қонақ бөлменің есіктері жабылмайды екен. Сынып кеткен.
Екі көпқабатты үйді шымкенттік фирма тұрғызған. Нысанның құрылысы былтыр аяқталып, пайдалануға жыл басында берілген. Ал шенеуніктер тұрғындарды даурықпауға шақырады. Себебі, мердігердің бес жылдық кепілі бар дейді. Яғни осы уақыт ішінде қираған-бүлінген болса, жөндеп беруге міндеті.
Шыңғыс Әлиасқар, Тараз қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Кепілдік аясында мердігер мекеме тұрғындарға барынша жөндеу жұмыстарын істеп береді. Ешқандай мәселе жоқ. Келіп бізге арыз қалдырса, бір аптаның ішінде кемшіліктер жойылады.
Шулаған жұрт жағдайды реттеуге билік өкілдеріне бес күн уақыт берді. Әйтпесе ипоттеканы төлеуден бас тартып, әкімдік пен мердігерді сотқа береміз дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!