Тоқаев: Абай айтқан «бес дұшпаннан» әлі арыла алмай келеміз
Абай айтқан «бес дұшпаннан» әлі де арыла алмай келеміз. Президент бүгінгі мақаласында ел ішіндегі тойқұмарлықтың тыйылмай, сөзуарлардың сапы қалыңдай түскеніне қынжылысын білдірді. Бүгін еліміз тұңғыш рет Абай күнін атап өтті.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
10.08.2020
Бүгін ұлы ақынның туғанына 175 жыл толды. Осыдан 25 жыл бұрын хакімнің 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен болатын. Биылғы мерейтой аясындағы көптеген шаралар пандемия кесірінен онлайн форматта өткен. Үкімет 10 тамызды «Абай күні» деп ресми түрде бекіткенімен, жұмыс күні болып қала береді. Сәйкесінше, жыл сайын данышпанның дара мұрасы дәріптеледі.
Қазақстанның бастамасымен ЮНЕСКО тарапы қолдап, биыл әлем бойынша «Абай жылы» болып белгіленді. Бүгінде еліміздің шетелдегі елшіліктерінде Абай орталықтары ашылып жатыр. Ал Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан Абай академиясы құрылып, кемеңгердің мұрасын зерттеу жұмысы қарқындай түсті. Ел президенті «Абай рухани реформатор» мақаласында әлі күнге ойшыл айтқан «бес дұшпаннан» арыла алмай келе жатқанымызға өкінетінін жазды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- Алдағы уақытта гуманитарлық пәндердің бөлінбес бөлшегі ретінде «Абайтану» курсын оқыту мәселесін қолға алу керек. Жаңа философиялық және саяси ұстаным тұрғысынан «Абайтану» оқулығы мен хрестоматиясын әзірлеу қажет. Сондай-ақ Абайдың «толық адам» ілімі жан-жақты әрі терең зерттелуге тиіс. Біз Абайды ХІХ ғасырда өмір сүріп, ХХІ ғасырдың сөзін сөйлеген данышпан ретінде әлемге танытуымыз керек. Оны ұлттық сананы жаңғыртуға зор ықпал еткен рухани реформатор ретінде дәріптеуге міндеттіміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!