Лукашенкоға елінің әр түкпірінен мыңдаған адам қарсы шықты
Беларусьтегі сайлаудың соңы жаппай наразылыққа ұласты. 80 пайыз басымдықпен жеңіске жеткен қазіргі президент Лукашенкоға елдің түкпір-түкпірінде мыңдаған адам қарсы шықты. Олар сайлаудың әділ өтпегеніне наразы. Ал, алаңға жиылған халықты билік күшпен таратуға тырысқан. Жараланғандар көп. Үш мыңнан аса адам қамауға алынған.
Автор: Асқарбек Қазанғап
10.08.2020
«Лукашенко, кет!» деген көпшілік тоқпақтың астында қалды. Көз жасаурататын газ, резеңке оқ, су атқышпен милиция жиналғандарды таратуға тырысты. Сайлау учаскелері жабылған соң мыңдаған адам Минск пен басқа қалалардың көшелеріне шыққан болатын. Олар сайлаудың әділ өтпегеніне, Лукашенконың әбармақ басты, көз қыстыменә қайта таққа отырғанына қарсы.
Наразылық шарасын басуға билік интернетке дейін үзіп, барын салып жатыр. Ал сайлауда ел үміт артқан әрі Лукашенконың басты қарсыласы атанған Светлана Тихановская шерушілерді де, билікті де күш қолданбауға шақырды. Ол сайлаудағы ең басты – жеңіс қолда екенін жеткізді.
Светлана Тихановская, Беларусь президенттігіне үміткер:
- Менің ойымша, біз жеңіске жеттік. Өйткені бойдағы қорқынышымызды жеңе алдық. Біз немқұрайлықпен күресіп, жеңдік! Ал бұл шын мәнінде басқа жеңістермен салыстырғанда ең үлкен жеңіс. Әр адамның өміріндегі ең маңызды жеңіс деп білемін!
Экзитполдың мәліметінше, Лукашенко 80 пайыздай, ал Тихановская 8 пайыздан сәл төмен дауыс жинаған. Алайда Мәскеу мен Вильнюстағы сайлау учаскелеріндегі көрсеткіш керісінше нәтиже берді. Билік оппозиция өкілдері мен тәуелсіз бақылаушылардың ешқайсысын сайлау учаскелеріне кіргізбеді. Шерушілер мұны «сайлаудағы жаппай дауыс ұрлауды жасырудың амалы» деп отыр. Кеше түндегі қақтығыс салдарынан ондаған адам жараланды. Үш мыңнан аса шершуші қамауға алынған. Ал алтыншы рет президент болып сайланған 66 жастағы Александр Лукашенко алғаш рет мұндай қарсылыққа тап болды. Әлем әліптің артын бағуда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!