Тараздағы жаңа аудан тұрғындары комқызметке қосыла алмай қиналып жүр
Жарығы жоқ, газы жоқ үйде адам қайтіп күн көреді? Таразда жаңа ауданнан үй салған тұрғындар коммуналдық қызметке қосыла алмай қиналып жүр. Соның кесірінен көбі ұзақ жылдан бері армандап әзер соққан баспанасына кіре алмай жүрсе, қоныстатып алғандарының тіршілігі аталмыш қолайсыздықтан машақатқа айналған. Ал әкімдіктен әзірге қайыр болмай тұр.
Автор: Руслан Әбдіхалық
11.08.2020
Жаңа аудан, жаңа үйлер. Бұл маңда өмір сүрудің машақаты қас қарая басталады. Себебі, жарық пен көгілдір отын жоқ. Соның кесірінен тұрғындар мотордан тоқ алып, даладағы ошаққа ас әзірлеуге мәжбүр.
Бұқара үйлерін соғып, көшіп келуге сақадай-сай отыр. Бірақ көбіне коммуналдық қызметтің болмауы кедергі. Ал кейбір тұрғындар өткен жылы қоныстанып алған. Себебі, бар тапқан-таянғанына баспана тұрғызғандардың қосымша пәтер жалдап тұруға шамасы жоқ.
Шорыс Қыдырбаев, Тараз қаласының тұрғыны:
- Қыста қай жаққа қыстаймыз? Ертең қылышын сүйретіп қыс келеді. Сол үшін біз облыстың әкімі Сапарбаевтан бізге жәрдем беріңіз деп сұраймыз. Жарық берсін.
Жұрттың айтуынша, мұндағы абаттандыру жұмыстары да аяқсыз қалған. Мәселен алты ай бұрын салынған тротуар мен бордюрлар кейін қайта бұзылып, қазір сол күйі шашылып жатыр. Тұрғындар енді ой- шұңқырларға балалар түсіп кете ме деп алаңдаулы. Сондықтан биліктен сол қирағандарды қайта қалпына келтіріп, жарық тартып беруін талап етеді.
Қалдыбай Әлдибек, Тараз қаласының тұрғыны:
- Ертең құдай қаласағ балалардың оқуы басталады. Онлайнмен оқиды деп жатыр. Бізде жарық, газ газ мәселесі. Балаларымыздың тамағы ашып жатыр. Бәрінде емізулі екі-үш баладан бар.
Ал шенділердің айтуынша, әу бастағы жоспарға бұл жеке секторлар енбей қалған. Бұл аумаққа газ бен жарық қосуға жаңа жоспар әзірлеу керек дейді. Бірақ ол үшін қомақты қаражат қажет.
Шыңғыс Әлиасқар, Тараз қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Электр және газбен қамтамасыз ету үшін жаңадан жоба әзірлеу керек. Және құрылыс монтаж жұмыстарына ақша бөлінсе, біз өз тарапымыздан жұмыс жүргізуге дайынбыз.
Шенеуніктер дайын болғанымен, әзірге қаражат жоқ. Соған қарағанда инженерлік коммуникацияның биыл да болмайтын түрі бар. Енді көпшіліктің күтуден басқа амалы қалмай тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!