Бас банкир теңгенің әлсіреуін қалай түсіндірді?
Бүкіл әлем күтіп отырған коронавирустың екінші толқыны теңгеге де әсер еткен. Ұлттық валютаның әлсіреуін бүгін еліміздің бас банкирі осылай түсіндірді. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, пандемия кесірінен дамушы елдердің біразында валюталары құнсызданған. Қазір бір доллар 418 теңге.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
11.08.2020
Ерболат Досаев, Ұлттық банк төрағасы:
- Инвесторлардың коронавирустың екінші толқынына алаңдаушылығына байланысты дамушы елдер валюталарының жалпы әлсіреу үрдісі сақталуда. Мысалы, осы жылғы маусымның соңы мен 10 тамыз аралығында түрік лирасы 6,9 процентке, Индонезия рупиясы 3 процентке, ал Аргентина песосы 3,3 процентке әлсіреді. Жалпы үрдіс аясында Ресей рублі де 3,6 процентке әлсіреді.
Ұлттық валютаның одан бетер құлдыраудан мұнай бағасы ұстап тұр екен. Қара алтынның баррелі қазір 40 доллардан жоғары. Сонымен қатар республикалық бюджетке кепілдік берілген трансфертке үкімет бөлген ұлттық қор активтері де төл теңгеге қолдау болыпты.
Ал қаржы нарығын реттеуші органның алтын-валюта резервтеріне келер болсақ, ол шілде айында алтын бағасының өсуінен 7 пайызға, яғни 2 миллиард 400 миллион долларға ұлғайған.
Қазақстанда алтыннан бөлек, азық-түліктің кей түрі қымбаттай бастаған. Оған жылдық инфляцияның 7 пайыздан асуы себеп. Жыл соңына дейін теңгенің құлдырауы 8-8,5 пайызға жетуі мүмкін.
Ерболат Досаев, Ұлттық банк төрағасы:
- Азық-түлік бағасының жылдық өсуі 11,3% болды және ол инфляцияның өсуіне әсер етуін жалғастыруда. Нан-тоқаш өнімдері мен жармаларда 13,8%, жеміс-көкөніс өнімдерінде 13,4% барынша жоғары қарқынды өсім сақталуда, бұл ретте ет және ет өнімдері бағасының өсу қарқыны 12,9 пайызға біршама баяулады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!