Беларусь: Светлана Тихановская елден кетіп тынды
Лукашенконың сайлаудағы басты қарсыласы болған Светлана Тихановская елден кетіп тынды. Дауысты қайта санауды талап еткен ол өткен түнде Орталық сайлау комиссиясына шағым жазуға аттанған болатын. Өзінің жеңісіне сенімді болған Тихановскаяны билік сол жерде бірнеше сағат ұстап отырды деген мәлімет тараған. Таңертең Литвадан бір-ақ шыққан кандидат бұл әрекетін видеоүндеу арқылы түсіндіруге тырысты.
Автор: Аруна Ортай
11.08.2020
Светлана Тихановская, Беларусь президенттігіне үміткер:
- Осы сайлау мені шыңдады деп ойладым. Маған бәріне қарсы тұра алатындай күш берді деп сендім. Бірақ мен сол баяғы әлсіз әйел боп қалғандаймын. Бұл шешім маған ауыр тиді. Бұл шешімді балаларым үшін қабылдадым, мені ешкім мәжбүрлеген жоқ. Біреулер мені түсінсе, енді біреулер қолдамауы мүмкін, бірақ менің басымдағы жағдайды ешкімге де тілемес едім.
Тихановскаяның сенімді өкілі оны биліктің қысыммен кетіргенін айтты. Десе де, оппозиционердің өзі жазған видеоүндеуінде ешкімнің мәжбүрлемегенін, елден өз қалауымен кеткенін айтып отыр. Мұндай шешімді балалары үшін қабылдадым депті Беларусь президенттегіне үміткер.
Ал Лукашенконың билігіне қарсылық екінші тәулікке жалғасуда. Тұрғындар жарнама бағандары мен қоқыс жәшіктерінен көшелерде баррикада құрып, қарулы сақшыларға тойтарыс беруге тырысқан. Десе де көтерілісшілерге күш қолданушылардың қатары еселене түсті. Себебі, арнайы жасаққа әскерилер қосылған. Қақтығыста бір адам қайтыс болды. Мәліметтерге қарағанда, шеруші сақшыларға жарылғыш зат лақтырмақ болыпты. Алайда ол өз қолында жарылып кеткен. АҚШ пен Еуроодақ Беларусь билігін адам құқықтарын сақтауға шақырды. Еуропарламентте Беларусьтің бірнеше шенеунігіне қатысты санкция қолдану мәселесі көтеріліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!