Соңғы тәулікте КВИ мен пневмониядан 30 адам көз жұмды
Елімізде эпидемиологиялық ахуал тұрақтала бастады. Дерттен құлан-таза айыққандардың саны күннен күнге көбейіп, республика бойынша 75 мың адамға жуықтаған. Ауруханалар да шетінен босап, 600-ден астам провизорлық орталық пандемияға дейінгі тіршілігіне қайта кірісуге дайындалып жатыр. Десе де соңғы тәулік ішінде пневмония мен COVID-19-дан отыз адам көз жұмса, індетке шалдыққандар 1423 адамға толықты.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
12.08.2020
Коронавирустан құлан-таза айыққан Кенжетай Көшетовтың қуанышында шек жоқ. Провизорлық орталықтан ең соңғы болып шыққан науқасты дәрігерлер қошеметпен шығарып салды. Алғашында дем жетіспей, аурумен 10 күн арпалысқан қария дәрігерлердің көмегімен жұқпалы дертті жеңіп шыққанын жеткізді.
Кенжетай Көшетаев, Жамбыл облысының тұрғыны:
- Құдай ауыртпай-ақ қойсын. Халық қиналды. Бәрі артта қалсын. Бірінші Алла дейміз. Екінші – дәрігерлер. Мені аман алып қалды. Құтқарып, үйіме қайтарып жатыр. Рақмет!
Нұр-Сұлтан қаласындағы ардагерлер клиникасы сын сағатта қосымша стационар ретінде індет жұқтырған науқастарға медициналық көмек көрсеткен еді. Екі айдың ішінде кесел жабысқан 400-ге жуық науқасты емдеп шығарған аурухана келесі айдан бастап әдеттегідей «тек соғыс ардагерлерін қабылдаймыз» деп қуанып отыр.
Серік Шахметов, Отан соғысының мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпиталі директорының орынбасары:
- Ешқандай адам өлімі бізде болған жоқ. Соғыс ардагерлері осында емделеді. Мұндайды бірінші рет көріп отырмыз. Бастапқыда, екі аптаның ішінде қиын болды. Аллаға тәубе, үйрендік. Екінші толқын болмасын деп тілейміз. Болса да, біз жеңеміз.
Жамбыл облысындағы туберкулезге қарсы дипсансер де босады. Дерттен жазылғандар үйіне қайтып жатыр. Бір айдан аса провизорлық орталық болған медициналық мекеме дезинфекциялық жұмыстар жүргізген соң, пандемияға дейінгі тіршілікке қайта оралмақ.
Қайрат Жетібаев, Жамбыл облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың бас дәрігері:
- Бір ай он күннің ішінде мыңнан астам адамды емдеп шығардық. Карантин басталғалы ауру төмендеп келе жатыр. Провизорлық стационарларда төсек-орын 24 пайызға босатылды. Құдай қаласа, ертеңнен бастап бұрыңғы жұмыс режиміне көшеміз.
Еліміздің түкпір-түкпірінде коронавирус жұқтырғандарды емдейтін 600-ден астам қосымша стационар жұмысын тоқтатты. Өңірлерде індетке шалдығып, жедел жәрдем қызметіне де жүгінетіндер азайыпты. Осылайша Қазақстанда СOVID-19-дан жазылып шыққан жандардың саны 75 мыңға жуықтады.
Алайда медицина мамандары бір сәтке де босаңсуға болмайтынын айтады. Себебі, соңғы тәулікте коронавирустан 22, пневмониядан 8 адам қайтыс болған. Ал індеттің ілмегіне іліккендер 14 760 адамға толығып, елімізде науқастардың жалпы саны 100 мыңнан асып жығылды. Әсіресе Нұр-Сұлтан, Алматыда ауру айылын жимай тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!