Науқас ампутациямен аман қалды – Эпидахуал
Індеттің кесірінен аяғынан айырылды! Ақтөбеде дәрігерлер коронавируспен ауыратын науқасқа ампутация жасап аман алып қалды. Себебі, өкпені зақымдаған вирус аяғының қан тамырларына да өтіп, өміріне қауіп тудырыпты. Бұған дейін елімізде covid-19 жұқтырғандардың дене мүшесіне ампутация болмаған екен.
Автор: Аруна Ортай
14.08.2020
Жалпы соңғы бір тәулікте індет 31 адамның өмірін жалмады. Оның 10-ы өкпесі қабынып ажал құшқан. Бірақ соған қарамастан, аурудың жалпы көрсеткіші айтарлықтай төмендеді дейді мамандар. Кейбір жерлерде жағдайдың жақсарғанына байланысты жағажайлар ашылып жатыр.
Коронавирус ендігі адам өкпесін қойып, басқа мүшелеріне де шаба бастады. Олай дейтініміз, Ақтөбеде індеттің кесірінен төсекке таңылып жатқан бір емес, қос бірдей науқастың аяқ тамырларының зақымдалуы анықталған. Өкінішке орай, науқастың біреуі аяқсыз қалды.
Бекболат Ізбасаров, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Облыста екі жағдай тіркелген. Екі науқаста аяғының тамырлары зақымданған. Біреуінде ампутация жасалды. Екіншісінің тамырына кроссэктомия – тамырын байлап, аяғын сақтап қалдық.
Соңғы бір тәулікте 31 адам сол күйі төсектен тұрмады. Оның 21-і коронавирустан көз жұмса, 10-ы пневмониядан қайтыс болған. Өлімнің адам шошырлық көрсеткішіне қарамастан, ауру жұқтыру жайттары елде едәуір азайды дейді мамандар. Жазылғандардың өзі бір күне 2 мыңға жуықтаған. Бірінші орында – Алматы. Мұнда бір күнде 600-ден аса адам індеттен құлан-таза айыққан.
Қамалжан Надыров, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Соңғы 15 күнде ауру деңгейі 7 есеге төмендеді. Егер шілде айының соңында тәулігіне 221 жағдай тіркелген болса, бүгінгі күні 40 жағдай анықталды. Қазір тәулігіне 60-тан астам науқас ауруханаға жатқызылады. Салыстырмалы түрде бір ай бұрын ғана стационарларға 417 науқас келіп түсіп отырған.
Екінші орында – Атырау, ал үшінші орында – Қызылорда облысы. Екеуін қосқанда 700-ден астам адам жазылып шықты. Ауру белгілері саусақ санарлық өңірлер де бар. Мәселен, Ақтөбе облысы – 9, Қызылордада – 8, ал Шымкентте 3 адам ғана ауру жұқтырыпты. Қауіптің сейлігеніне байланысты Павлодар облысының бас санитар дәрігері жағажайларды ашуға рұқсат берді. Карантиннен әбден мезі болған жұрт бұл жаңалықты ести сала, бірден Баянауылға тартқан.
Батырбек Әлиев, Павлодар облысының бас санитар дәрігері:
- Туристік нысандар мен демалыс орындарындағы жағажайларды ашуға рұқсат бердік. Тек бір талап: әрбір демалушыға төрт шаршы метр орын болуы керек. Туристер алдын ала жазылуы тиіс. Ал демалыс уақыты сағат таңғы 10-нан кешкі 8-ге дейін.
Елде әлі 22 мыңға жуық адам емделіп жатыр. Оның 100-ден астамы кәмелетке толмаған бала. 420 науқас – ауыр, 103 адам – аса ауыр жағдайда. Ал 80 отандасымыз жасанды аппаратпен тыныстап жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!