{metadescription}
Шектеулер: Жұмысын жалғастырмайтын кәсіпкерлер 42500 ала ма?
Шектеулер: Жұмысын жалғастырмайтын кәсіпкерлер 42500 ала ма?

Шектеулер: Жұмысын жалғастырмайтын кәсіпкерлер 42500 ала ма?

Алдағы дүйсенбіден бастап карантин тәртібі жұмсартылғанымен, шектеулер әр демалыс сайын сақтала бермек. Сенбі-женсенбіде сауда орындары, базарлар, сауда үйлері жұмыс істемейді. Демалыс күндердегі бұл шектеулер әзірге екі аптаға созылады. «Одан кейін алып тастаймыз» деп, шенеуніктер уәде етіп отыр. Ал қатаң карантин режімінде қызметін жалғастырмайтын кәсіпкерлерге 42500 теңге төлеу мәселесі әлі шешілмепті.

Індеттің жаппай таралмауына бас-көз болып жүрген шенеуніктердің карантинді жеңілдету шешімдері қазақстандықтарды кеше бір қуантып тастаған. Бүгін еліміздің бас санитар дәрігері сол шектеу шараларын тағы да бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп берді. Карантин жеңілдетілгенімен, сенбі-жексенбі күндері сауда орындары, сауда үйлері, базарлар жабық болмақ.

Өйткені демалыс күндері сауда жасауға асығатын жұрттың қарасы қалың болады деп шенеуніктер сескеніп отыр. Бұл күндері қоғамдық көліктер де жүрмейді. 65 жастан асқандар көшеде шықпағаны жөн. Инфекцияның көрсеткішін әрең түсірген Денсаулық сақтау министрлігі сенбі-жексенбідегі қатаң карантин тәртібін екі аптаға созды.

Айжан Есмағамбетова, ҚР Бас санитар дәрігері:

- Не себепті демалыс күндері локдаунды сақтаймыз? Біріншіден, мақсат – қол жеткізілген көрсеткіштердің оңтайлы динамикасын сақтау. Инфекцияның таралуында не маңызды? Ол – адамдардың бір-бірімен байланысы. Өздеріңіз жақсы білесіздер, демалыс күндері адамдардың өзара қарым-қатынасы көбейеді, тұрғындардың сапарға шығуы артады. Біз халық жаппай жиналатын нысандардың жұмысын тоқтатсақ, инфекцияның таралуына тұсау бола аламыз.

Шілдеде басталған карантинде елдегі 830 мың бизнес жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Шамамен, 1 миллион 300 мың адамдай жұмыссыз қалыпты. Енді дүйсенбіден бастап оның көбі жұмысына кіріседі. Ал 17-тамыздан қызметіне рұқсат берілмейтін нысан қызметкерлеріне өтемақы төлеу ұсынысы енгізілмек.

Эльдар Жұмағазиев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Жұмысын бастауға рұқсат берілмеген қызмет түрлері де бар. Оларға қатысты ұсынысты дайындап жатырмыз. Мысалы, сапаржайда 74 адам жұмыссыз отыруға мәжбүр. Бұл бюджет мүмкіндігіне қатысты сұрақ деуге болады. Пандемия кезінде біз өтемақы төлеу туралы бастама көтердік. Бірінші айда өтемақы төленді, одан кейін карантин уақыты тағы созылды. Енді осы мәселеге қатысты Экономика министрлігімен бірігіп ұсыныс әзірлейміз.

Ал жеңілдетілген шектеу шараларына барлар, караоке мен кинотеатрлар, балаларға, ересектерге арналған ойын-сауық нысандары, мейрамханалар ілікпей қалды. Мешіттердің де есіктері тарс жабық. Түрлі мәдени-рухани, спорттық шаралар, той жасауға әдеттегі тыйым бар. Бұл жолы мемлекеттік комиссия ұлттық құрамалардың жаттығуына рұқсат берген.

Айжан Есмағамбетова, ҚР бас санитар дәрігері:

Тұрғындарға спортпен шұғылдануға рұқсат етіледі. Бұл жеке спорт түрлері, ашық аспан астында топтық жаттығулар. Спорттық базаларда адам саны 30-дан аспаса және профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шара сақталатын болса, ұлттық құрама командаларға, спорттық клубы командаларына спорттық жаттығулар өткізуге рұқсат береміз.

Ашық алаңдағы аттракциондар, монша, сауна, фитнес орталықтар, балабақшалар ашылады. Ал осы күнге дейін үйінде отырып, қашықтан жұмыс істеп жатқан кеңсе қызметкерлерінің 80%-ы сол режімде жұмысын жалғастыра бермек.

Бүгінгі брифингте бас санитар дәрігер қайта-қайта жауапкершілік мәселесіне тоқталды. Айжан Есмағамбетова, кәсіпкерлік нысандар және қарапайым халық денсаулығына дұрыс қарамай, негізгі санитарлық нормаларды сақтамаса, онда «әдемі» көрсеткіштердің бәрі қайтадан нашарлап кетеді деп қауіптенеді. Салғырттыққа бой берсек, карантиндік шаралар қайта күшейтілуі әбден мүмкін. Енді алға жылжимыз ба, әлде кері қайтамыз ба, бұның барлығы өзімізге байланысты деп, жиынды түйіндеді министрлік өкілі.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

20 қыркүйек

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде