Саяжайында түнемек болған әйел өртеніп кетті – Петропавл
Петропавлда 50 жастағы әйел тірідей жанып кетті. Саяжайдағы үйі өртеніп, құтқарушылар оның күйген денесін кереуетінен тапқан.
Автор: Жаңалық Ахаш
18.08.2020
Түн жарымында саяжай учаскесіндегі қызыл жалынды көршілері байқапты. Олар дереу 101 қызметіне қоңырау шалады. Бірақ өрт сөндірушілер жеткенше, ескі ағаш үйді қызыл жалын толық шарпыған. Кейін күлге айналған үйінді арасынан жанып кеткен әйелдің денесі табылды. Көршілерінің айтуынша, марқұм бау-бақшасын баптауға тек күндіз келетін. Мұнда ешқашан қонуға қалмайтын көрінеді. Өрт шығатын түні күн суық болған. Қайтыс болған әйел үйін жылытпақ болып электр пешін қосқанға ұқсайды. Себебі, өрт орнынан балқып кеткен осы техника табылды. Өрт содан шықты деген болжам бар.
Нұрлан Атығаев, СҚО ТЖД бастығы міндетін атқарушы:
- Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін түгел жойылды. Конструкцияны талдау барысында өрт орнында жанып кеткен адам денесі табылды. Өрт және өлім себебін анықтауға қажетті сараптама тағайындалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!