Қазақстан балықты өте аз тұтынатын елдердің қатарында
Балық шаруашылығына мемлекеттік қолдау тым мардымсыз. Әсіресе сирек тұқымды балық өсіру үшін удай қымбат уылдырықты шетелден алып келетін кәсіпкерлерге кедендегі қағазбастылық қолбайлау. Тоған шаруашылықтарына қарастырылатын субсидияның өзі өңірлерге тең бөлінбейді екен. Бұл шаруашылықтың тұралауынан балық кез келгеннің қолы жете бермейтін жеңсік асқа айналған.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
18.08.2020
Қазақстан қазір балықты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен мөлшерден төрт есе аз тұтынады. Қордаланған мәселеге Үкімет енді бет бұрмақшы.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізімінде Қазақстан жеткілікті мөлшерде балық тұтынбайтын елдер қатарында. Ұйым бекіткен мөлшер жылына 16 келі болса, бізде ол көрсеткіш 4 есе кем. Бұл ахуалды дұрыстау үшін шетелдің қымбат өнімінен бұрын ішкі нарыққа иек артарымыз айдан анық. Бірақ былтыр ішкі нарықта өндірілген тауарлы балықтың көлемі 7 жарым мың тоннадай ғана. Өйткені бұл кәсіпте бюрократиялық кедергі көп.
Мәрлен Тұрсынәлі, Балық шаруашылығының өкілі:
- Балық өндіруде негізінен балық өндірісі шаруашылықтарын салуда көп құжаттама, бюрократия бар. Балық өсіретін шаруашылықтарды судың жағасында салмағанда, қайда саламыз? Су жағаларында балық шаруашылықтарын салуға рұқсат берсе. Сосын қондырғыларды «бетоннан салма» дейді. Бетонсыз тағы болмайды. Сондықтан бұл шектеулерді алып тастаса, балық шаруашылығына қолғабыс болатын еді.
2019 жылы Қазақстан – Нидерланд, Ресей, Литва, Қытай, Германия және өзге елдерге жалпы құны 60 миллион АҚШ доллары болатын 30 мың тонна балық жөнелтіпті. Ал импорт көлемі әлдеқайда жоғары. Негізінен Ресей, Норвегия, Исландия, Қытайдан 43 500 тонна балық жеткізілген. Сондықтан, қазіргі мақсат отандық өнім мөлшерін мейлінше арттырып, шетелдік үлесті азайту. Мұнда да «бірақ» деген тұстар әлі көп.
Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
- Қолданыстағы заңнамаға талдау жасап, мынадай басты проблемаларды анықтадық. Балық өсіру кезінде суды тұтынуға артық төлем алынуы. Бұл жерде балық өсірушілер алынған судың барлық көлеміне төлейді. Ал қайтарылатын судың көлемі ескерілмейді. Жергілікті маңызы бар су айдындарының көп бөлігі бизнеске берілмеген.
Бұл саладағы кемшілік мұнымен бітпейді. Сирек тұқымды балық өсіруге удай қымбат уылдырықты шетелден алып келетін кәсіпкерлерге кедендегі қағазбастылық қолбайлау болып отыр. Әрі тоған шаруашылықтарына қарастырылатын субсидияны бөлуде өңірлерді алалау бар. Қордаланған мәселеге Үкімет енді бет бұрып, кедергісі көп балық бизнесін баянды етпекке бел буып отыр.
Асқар Мәмин, ҚР Премьер-министрі:
- Әр өңірде балық өндірісі ұйымдастырылуы тиіс. Бизнес субъектілеріне су қоймалары бекітіліп, жаңа ауланған сапасы жоғары балық сататын сауда орындарының санын арттыру керек. Азаматтардың пайдалы тамақтану рационын қамтамасыз етуге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша бір адамға балықты тұтыну деңгейін 16 келіге жеткізілуі керек.
Биылғы қарашаның 1-не дейін балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы әзірленіп, бекітілмек. Білім және ғылым министрлігіне бұл салаға қажетті мамандарды даярлауға қатысты оқу-тәжірибе бағдарламаларын қайта қарау тапсырылды. Үкімет тіпті балық экспортын «600 мың тоннаға жеткіземіз» деп жоспарлап қойған. Бұл тұста қиял мен айқын мақсаттың орны ауысып кетпесе болғаны.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!