{metadescription}
«Қазақфильм» басшылығы: Өрт қасақана қойылған
«Қазақфильм» басшылығы: Өрт қасақана қойылған

«Қазақфильм» басшылығы: Өрт қасақана қойылған

«Қазақфильмдегі» алапат өрттен келген шығын көлемі айтылды. Киностудия әкімшілігінің есептеуінше, ол шамамен 49 миллион теңге. Қазір қылмыстық іс қозғалып, өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Ал киностудия басшылығы оттың қасақана қойылғанына сараптамасыз-ақ сенімді. «Қазақфильмнің» қызыл жалыннан кейінгі күйін тілшіміз көріп келді.

Александр Коловертных – «Қазақфильмдегі» өрттің тұтанғанын өз көзімен көргендердің бірі. Киностудия декораторы лаулаған жалынды алғашында жұмысшылар сөндіруге тырысқанын айтады.

Александр Коловертных, куәгер:

- Біз келгенде қойма жанып жатты. Өртті сөндіруге барымызды салдық. Алайда бар-жоғы алты жұмысшының оттың қарқынын басуға қауқары жетпеді. 20 минуттан кейін құтқарушылар келді. 

Декорацияға қажетті ағаштар мен түрлі материалдар сақталатын қойма қызыл жалыннан кейін қоқыс алаңына айналғандай. Киностудия қызметкерлері от қоймаға жақын әкімшілік ғимарат пен киім-кешек бөлмесін де шарпуға аз қалды деп отыр. Бірақ құтқарушылар дер кезінде жетіп, бұл қауіптің алдын алыпты.

Өткен аптада болған алапат өрт ең алғаш киностудияның қоймасынан шығып, 600 шаршы метр аумақты шарпыған еді. Сол уақытта өрт сөндірушілер тілсіз жауды екі сағатта әрең ауыздықтаған болатын.

«Қазақфильм» киностудиясында бұл аумақ екінші болып отқа оранған. «Қазақ хандығы» телехикаясына арналып жасалған декорацияның қазір сау тамтығы қалмаған. Суретшілердің еңбегі зая кетіп, қымбат материалдардың күл-талқаны шыққан. Осы алаңда «Алмас қылыш», «Алтын тақ» сынды тарихи фильмдердің эпизодтары түсіріліпті. Бұл бір ғана декорацияның шығын көлемі 47 миллион теңгені құрап отыр. 

Ал төтенше жағдайдан жалпы келген залал 49 миллион теңгеге жуықтайды.

Бір ерекшелігі, өрт болған екі аумақтың ара қашықтығы 300 метр. Бір-біріне алыс орналасқан екі жерден бірдей оттың шығу «Қазақфильмнің» басшысы Ақан Сатаевтың көңіліне әу баста күдік ұялатқан. Ол өрт қасақана қойылды деген пікір білдірген. Қазір осы өртке қатысты қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптама тағайындалды. Тілсіз жаудың шығу себебі деп анықталып жатыр.

Бауыржан Үсенов, «Қазақфильм» киностудиясы баспасөз қызметінің бас менеджері:

- Жаңағы жерде жанғыш заттардың жоқ болуы, электр жүйесі тартылмаған. 20 минуттан кейін осы декорацияның да жануы «қасақана қойылды» деген ой туғызады. Кінәлілер табылып, жауапқа тартылатынына сеніміміз мол. Барлық қазақ киногерлерінің тілегі осы.

Дегенмен кінәлілерді табу қиынға соғатын сыңайлы. Өйткені киностудия аумағында бірде-бір бақылау камерасы жоқ екен. Жаңа басшылық осы олқылықтың орнын толтырып, алдағы уақытта «күзетті күшейтеміз» деп отыр. Қазір «Қазақфильм» учаскесінде жалғыз ғана «Томирис» декорациясы ғана қалды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде