{metadescription}
Елдегі ахуал: Соңғы науқас ауруханадан жазылып шықты
Елдегі ахуал: Соңғы науқас ауруханадан жазылып шықты

Елдегі ахуал: Соңғы науқас ауруханадан жазылып шықты

Аурудан айыққандар артты. Нұр-Сұлтанда дертінен құлан-таза жазылған соңғы науқас үйіне қайтарылды. Осылайша еліміздегі эпидемиялық жағдай бір қалыпқа түсіп, ауруханалар штаттық режимде жұмысқа кірісіп жатыр.

Соңғы бір тәулікте қауіпті індетті жұқтырған 334 адам тіркелді. Оның 67-і - коронавирустық пневмония. Ал бір күнде ковид-19-ға шалдыққандардың 123-інен ешқандай ауру белгілері анықталмаған.

53 жаcтағы Баян Сұбханқұлова үш апта бұрын өкпесі қабынып, аяқ астынан ауруханаға түскен. Аты жаман аурумен арпалысқан әйел қазір жұқпалы дертті жеңгеніне риза. Ол бүгін қаладағы көпбейінді №1 ауруханадан үйіне қайтарылып жатқан соңғы науқас.

Баян Сұбханқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Барлық дәрігерлерге алғысым шексіз! Осы күнге жеткеніме шүкірлік айтамын. Ауырған кезімде өмір сүргім келетінін түсіндім. Вирус тарай бастаған сәтте, бізге жұқпайтындай көрінген. Қателесіппін. Қауіпті індетпен ешкімнің ауырмауын тілеймін.

Нұр-Сұлтандағы бұл аурухана індет өршіген тұста қауіпті кеселдің құрығына түскендерді емдейтін орталыққа айналған. Медициналық мекемеден бүгінге дейін 3800-ден аса науқас жазылып шығыпты. Енді көпбейінді аурухана пандемияға дейінгі қалыпты тіршілігіне қайта кіріспек.

Марат Әбдуов, Нұр-Сұлтан қалалық көпбейінді №1 ауруханасы бас директорының міндетін атқарушы:

- Акушерлік бөлімде 800-ге жуық жүкті әйел емделді. 350 нәресте дүниеге келді. Ешқандай адам өлімі болған жоқ. Бұл жетістігіміз мұндағы медицина қызметкерлерінің жұмыла жұмыс істегенінің арқасы. Енді қалыпты жағдайға көшеміз. Өйткені өзге науқастарымыз да көп күтіп қалды.

Еліміздің өзге өңірлерінде де жағдай жақсарған. Ақтөбе қаласында індеттің ілмегіне іліккен 3 мыңнан аса науқастың 92 пайызының жағдайы жақсарып, аурудан толық жазылыпты.  

Гүлшат Сералы, Ақтөбе облысы тауарлар мен қызмет сапасы қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:

- Ақтөбе облысында бүгінгі эпиджағдай тұрақты. Өңірімізде ковид-19 инфекциясын жұқтырған  соңғы тәулікте үш жағдай тіркелді. Оның біреуі ауру белгілерімен, екеуі симптомсыз.

Жұртшылықтың жедел жәрдем қызметіне жүгінуі де азайған. Осылайша елімізде COVID-19-дан жазылып шыққандардың саны 85 мыңға жуықтап қалды. Алайда бұл арқаны кеңге салу керек деген сөз емес. Өйткені коронавирустан соңғы бір аптада 146 адам қайтыс болса, соңғы тәулікте коронавирустық белгісі бар пневмониядан тағы 2 адам көз жұмды. Сөйтіп көрсеткіш 1415-ке көтерілді. Сондай-ақ, елімізде қауіпті кесел жұқтырғандардың жалпы саны 103 мыңнан асты.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде